Наразы жұрт тазалыққа жауапты мекеменің жұмысына көңілі толмағанын айтады
Семейде көпқабатты үйлердің төңірегі тұрмыс қалдығын төгетін полигонға айналды. Себебі, қоқыс жәшіктері лық толып, апталап алынбайтын болған. Наразы жұрт тазалыққа жауапты мекеменің жұмысына көңілі толмағанын айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қоқыс контейнерлері үйдің кіреберісінде тұрғандықтан, сасық иістен тұрғындардың тынысы тарыла бастаған.
Он алты қабатты баспана Семейдің қақ ортасында орналасқан. Тұрғындар әлі күнге дейін қоқыс жәшіктерін үйден аулақ қоятын ұлтарақтай жерге жарымай келеді. Сондықтан жұрт оны баспанаға кіретін есіктің алдына төгуге мәжбүр. Енді қоқыс уақтылы тазартылмай, тау болып үйіліп жатыр. Тазалыққа жауапты мекеме бұл жерге екі аптадан бері ат ізін салмапты.
«Қандай да бір жауапты адам болуы керек қой. Міне, шашылып жатыр. Далаға шығу мүмкін емес. Енді мына жер уақытылы тазаланбаса, бәрін тас жолдың үстіне үйіп қоятын боламыз. Қоқыс жәшіктерінде үйден аулақ қойсын. Мынау не масқара! Есіктің алды жазда сасып жатады», – деді Семей қаласының тұрғыны Әлібек Көлембай.
Таза ауамен тыныстаудан қалған қараша тазалыққа жауаптылардың салғырттығына қайран қалуда. Ал меке басшылығы тұрғындардің өзі мен жергілікті билікті жазғырды. Себебі, атқамінерлер жұртқа қоқыс төгетін арнайы орын қарастырмаған дейді. Қазір жәшіктер қуыста тұрғандықтан тұрмыстық қалдықтарды таситын көліктердің кіріп-шығуы қиындаған. Оның үстіне жұрт көліктерін жолға тізіп тастайтын көрінеді.
«Бес қоқыс салатын жәшік орналастырылды. Оның үшеуінің тұрған жері санитарлық талапқа сай келмейді. Өйткені ол баспанадан 20 метр қашықтықта тұруы керек. Сонымен бірге қазіргі тұрған жері біздің көліктердің кіріп-шығуына қолайсыз. Жолға қойып кеткен автокөліктерді тұрғындар қашан алады деп тосып тұрмаймыз. Себебі, уақыт тығыз. Сондықтан жергілікті биілікке жәшіктерді қоятын арнайы орын белгілеу керек», – дейді «Семей тазалық» ЖШС директоры Бекжан Қапышев.
Сонымен қатар мекеме басшысы тұрғындардың қарызы қордаланып жатқанын да алға тартты. Ал қазір шаһар тұрғындары қоқыс шығаратын мекемеге айына 190 теңгеден төлейді екен. Бірақ бұл тариф 2014 жылы бекітілгендіктен тазалыққа жауаптылар бағаны 600 тегеге дейін көтеру керек дейді. Өйткені барлығы қымбаттағандықтан «шығынға белшеден баттық» деп зар қағуда.