$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2021, 18:06
Қоғам

Петропавлда 100-ден астам отбасы өз үйлеріне көше алмай жүр

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үйде жылу, жарық пен су жоқ

Петропавлда 100-ден астам отбасы өз үйлеріне көше алмай жүр
Фотоколлаж

Петропавлда 100-ден астам отбасы 8 айдан бері сатып алған пәтерлеріне қоныстана алмай жүр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үйде жылу, жарық пен су жоқ. Өркениеттен кенде қалған тұрғындар қалалық әкімдіктен талай жәрдем сұраған. Алайда мәселе әлі күнге шешілмей келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Жас өркен» ауданында бой көтерген 18 қабатты баспана әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне арнап салынған болатын. Олардың қатарында 10-15 жылдап пәтер кезегінде тұрғандар бар. Көптен күткен баспанаға енді қолы жеткенде көпшілік тағы да сары уайымға салынды. Петропавл қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі халықты «жақында жарық болады» деген құрғақ уәдемен тойдырып келеді.

Коммуналдық қызмет жетпей қалған үйден баспаналы болғандардың бірі - Самал Көкенбаева да бар. Мұғалім ретінде әкімдіктің баспана кезегіне 2010 жылы тұрған. 11 жыл күткен пәтерінің құжаттары қолына тисе де, іс жүзінде пайдалана алмай отыр.

«Екі бөлмелі пәтер алғанда қуанышымда шек болмады. Енді соған көше алмай отырмыз. Не жарық, не жылу, не су, не кәріз жүйесі жоқ. Қазір үй жалдап отырмыз. Айына тоқсан мың теңге төлеймін. Енді осы үйдің ипотекасы қосылды. Ол да осынша сома. Оған коммуналдық қызмет ақысын қосыңыз. Азық-түлік, киім кешек, балабақша төлемі бар. Барлығын көтере алмаймыз. Әкімдік бізге қарайласып жатқан жоқ. Соған тұрғындар наразы. Бізге жоғымызды қосып берсе ештеңе сұрамас едік», - дейді ол.

«ӘКІМДІК БІЗДІ МАЗАҚ ЕТТІ...»

Тұрғындармен кездесуге келген әкімдік өкілдері жаңа үйге қоныстануға болатынын айтты. Өйткені құжат жүзінде бәрі дұрыс. Тұрғындардың заңды баспанасына қоныстануға ешкім тыйым сала алмайды.

«Ешқандай коммуналдық қызмет көрсетілмейтін пәтерге қалай көшеміз? Бұл не мазақ? Шенеуніктер өздері тұрып көрсін, осы үйде. Не су, не жарық жоқ. Кәріз жүйесін айтсаңызшы. Үй дайын болмаса әкімдік оны неге өз баллансына қабылдайды? Бір ипотека рәсімдейміз. Екі есе шығынға батып жатырмыз. Біздің мәселемізге құлақ асқан ешкім жоқ. Жаздан бері ештеңе өзгерген жоқ. Уақытша жарық қосып берсе де қанағат тұтар едік», - дейді тұрғын.

Қыс – қыр астында. Синоптиктердің болжауынша қазан айында солтүстік өңірлерде күн суытуы ықтимал.  Баспана жалдап әрі ипотека төлеп шаршаған көпшілік енді жылу  батареялары қатып қалып тағы да шығынға батамыз ба деп алаңдаулы. Жаңа баспанаға ие болған сәттен талай проблемалардан көз ашпай отырғандардың бірі Темірлан Нығмет. ІІ топ мүгедегіне ең соңғы, 18-ші қабаттан пәтер бұйырған. Бала кезден сал ауруына шалдыққан жігіт үшін әсіресе, жеделсатының іске қосылмағаны оңай емес. 

«Пәтеріме келгенде амалдап сатымен көтерілемін. Екінші тізімде тұрғандықтан соңғылардың бірі болып өттім. Сондықтан 18-ші қабат бұйырды. Шағымым жоқ. Жоқтан жақсы. Қазір ата-анаммен тұрып жатырмын. Пәтер жалдап отырып ипотека төлеу қиын. Бағасы қолжетімді үйге ие болғанда қуандым. Шаршы метрі 160 мың теңге болды. Сапасы көңілімнен шыққан еді. Айтарлықтай ақаулары жоқ. Тек жарық пен жылу берілсе», - дейді Темірлан Нығмет.

БЕС КӨПҚАБАТТЫ ҮЙ УАҚЫТША ЖАРЫҚПЕН ОТЫР

Тұрғын үйдің құрылысы былтыр басталып, биыл уақытында аяқталған. Үйдің жарыққа қосылмауының негізгі себебі электр станциясының әзір еместігінде екен.

«Бұл үйдің құрылысы бітті. Оны пайдалануға беруге тұрақты электр қуаты жоқ. Ол үшін подстанция салынуы қажет. Құрылысы басталғанына 3 жыл болды. Өткен жылғы келісімшарт бойынша «Электромонтаж» серіктестігі нысанды былтыр тапсыруы тиіс болатын, үлгермеді. Тағы да келісім жасалды. Ол бойынша тапсыру мерзімі биылғы жылдың тамыз айы болатын. Жоспар орындалмады. Сотқа бердік. Айыппұл салынды. Әзірге нәтиже жоқ. Уақытша электр желісін қоссақ, көрші үйлердің барлығында жарық қайта-қайта сөне беретін болады. 10 күн ішінде жылу мен су беріліп, кәріз жүйесі жұмыс істейді. Жарық бір айда беріледі. Подстанцияға пайдаланылатын қондырғы кеденде алты ай тұрды. Шекарадан өткізуге рұқсат болмады. Техника келгеннен кейін оны қосатын инженерді қостық. Ол арзан дүние емес. Егер өзіміз монтаж жасасақ, кепілдеменің күші автоматты түрде жойылады. Сондықтан күтуге тура келді. Қазір пәтер иелеріне жөндеу жұмыстарын жасауға, жиһаз әкелуге, тіпті тұруға рұқсат етіп отырмыз», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Серік Сабралин.

Осылайша халыққа тағы да уәде берілді. Көпшілік сенімсіздікпен тарқасты. Жаңадан салынған шағын ауданды толық жарықпен қамтитын станцияның құрылысы сағызша созылып келеді. «Жас өркен» ауданында 5 көпқабатты үй уақытша подстанциядан электр қуатын алып отыр. Тұрғындар жарықтың жиі өшетініне шағымданады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары