Алматы түбіндегі ұшақ апаты: бір отбасының 4 баласы зардап шекті

Автор: Azattyq Rýhy

Ұшақ апатынан зардап шеккен 4 баланың әкесі апат кезінде қайтыс болған

Ұшақтың құлауы салдарынан тоғыз бала жарақат алды, оның төртеуі бір отбасыдан шыққан. Осы ұшақ апатында олардың әкесі қаза тапқан, деп жазады Sputniknews.kz.

Балалар омбудсмені Аружан Саин Алматы түбіндегі ұшақ апаты кезінде зардап шеккен балаларға барып қайтыпты. Ол сол рейстің кішкентай жолаушыларының жағдайы туралы айтып берді.

«Зардап шеккен балалардың төртеуі бір отбасыдан екен, жалғыз асыраушылары – әкесі қаза болды. Ауруханада Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымовты жолықтырдық, ол туыстарымен кездесті. Әкімдік отбасына көмектесу үшін шаралар қабылдауда», - деп мәлімдеді Аружан Саин.

Оның айтуынша, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында екі бала жатыр.

«Үш баланың аяғы сынған, бір қыздың екі аяғына да зақым келген, осы уақытқа дейін қажетті операциялар жасалды, қыздардың бірі палатада. Операциядан кейін екі баладан басқасы есін жиды. Ал екеуі жансақтау бөлімінде – ұйқыда жатыр, барлығы өздігінен тыныс алуда. Балалардың ешқайсының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ең кішкентай балалар ауыр жарақат алмаған, олардың екеуі әзірге жансақтау бөлімінде жатыр», - деп жазады Саин.

Балалар омбудсмені қаланың барлық қызметіне, құтқарушыларға, әскери қызметкерлерге, жедел жәрдем дәрігерлеріне, зардап шеккендерді құтқарып, қазір көмектесіп жатқан клиникаларға алғысын білдірді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жарақат алған ең ересек бала туралы айтты. Жанқозы төртінші қатарда – терезе жанында, ұшақтың сынған жеріне өте жақын жерде отырған.

«Оқиға кезінде бала өзін-өзі ұстай білді, ересектерге құлаған заттарды алуға көмектесті. Ал сыртқа шыққанда төтенше жағдайлар қызметкерлері мен әскерилерге ол жерді тазартуға, кірпіш тасуға көмектеспек болды. Әрине, олар оған рұқсат бермеді, оны жедел жәрдемге алып барып, ауруханаға жіберді», - деп түйіндеді Саин.

Апатқа ұшыраған ұшаққа ата-анасыз мінген 15 жастағы бала туралы мына жерден оқи аласыздар.