Апатқа ұшыраған ұшаққа кәмелеттік жасқа толмаған бала ата-анасыз отырған
Апаттан қайтыс болған жандардың саны 12, соның 8-і оқиға орнында көз жұмған
Алматыда Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров пен Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтің қатысуымен ұшақ апатынан зардап шеккен жолаушыларға қатысты брифинг өтті.
Апатқа ұшыраған ұшаққа ата-анасыз мінген 15 жастағы бала болған. Бұл туралы Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жеткіншектің ата-анасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Алматыдағы балалар ауруханасына жатқызылған жеткіншектің ата-анасы Алматыға келе жатыр. Сондай-ақ, Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақта бір үйдің 4 баласы болған. 1 және 14 жас аралығындағы балалардың өміріне қауіп жоқ. Алайда ағайынды төрт баланың ата-анасының жағдайы ауыр екен.
Апат орнына жедел жәрдем көліктері жарты сағаттан соң жеткен. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың сөзінше, ұшақ апатынан зардап шеккендерге қол ұшын беруге барлығы 86 жедел-жәрдем бригадасы шыққан.
«103 нөміріне сағат 7:43-те қоңырау түсті. Жедел жәрдем көлігі 15 минуттың ішінде жетті. Оқиға салдарынан барлығы 67 адам жарақат алды, оның 49-ы ауруханаға жатқызылды. Жарақаттанғандардың 9-ы бала. Барлығы 12 адам қайтыс болса, олардың 8-і оқиға орнында, 2-уі тасымалдау кезінде және тағы 2 ересек адам алған жарақатынан ауруханада көз жұмды», - деді Камалжан Надыров.
Вице-министр ауыр жарақат алғандарға шұғыл көмек көрсетілмеуін оқиға орында құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқандығымен түсіндірді. Зардап шегушілердің айтуынша, жедел-жәрдем көлігі 40 минутқа кешігіп жеткен.
«Алғашқы жедел-жәрдем көлігі 15 минутта жетсе, қалғандары бірнеше минуттан соң келді. Бірақ оқиға орнына кіруге рұқсат болмағанын да ескеруіміз керек. Төтенше оқиға болған жерге жеткен құтқарушылар өзге де адамдардың өміріне қауіп жоқ екенін анықтайды. Көп күтті деген сұраққа жауап бере алмаймын», - деді вице-министр.
Ал басқарма басшысы жедел жәрдем қызметінің басым бөлігі оқиға орнына алғашқы 30 минутта жеткен. Қазіргі сәтте №4 қалалық клиникалық ауруханада жатқан 8 адамның жағдайы ауыр. Олардың 4-уі ес-түссіз жатыр. 38 адамның жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Ертең тағы бір науқасқа ота жасалады. Барлық науқастарды емдеу үшін қалалық және республикалық ұйымдардан, Нұр-Сұлтан қаласынан білікті мамандар шақырылған. Қазірге дейін 10 ересек және 2 балаға ота жасалды.
«№1 клиникалық балалар ауруханасына 9 бала түссе, оның 7-еуінің жағдайы орташа ауыр, тұрақты деп бағалануда. Аяғының төменгі бөлігі сынған 2 балаға сәтті операция жасалды. 15 жастағы бала ата-анасыз Нұр-Сұлтан қаласына ұшпақ болған. Ол балалар ауруханасында жатыр. Жағдайы жақсы. Апат жолдың бойында болған жоқ. Сондықтан жедел-жәрдем жолды тауып жеткенше 30 минут өткенін мойындауымыз керек», - деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы