ҚазҰПУ-дың бірінші курс студенті жатақханадан шығарылғаны туралы ақпарат тарады
Осы аптадан бастап елімізде Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен той-томалақ өткізуге рұқсат берілді. Алайда белгіленген ережелерге сай «жасыл» аймақтағы өңірлерде тойға келушілердің саны 100-ден, «сары» аймақта 70-тен, «қызыл» аймақта 50 адамнан артық болмауы тиіс.
«Локдаун болған кезде ешқандай той болған жоқ. Алайда жалпы карантин уақытында тығылып той жасағандар болды, оны мойындау керек. Жақында ғана 4-5 мәрте тойға шықтым. Әрине, халық тойды сағынып қалған. Ол тойшыл қауымның көзінен де, сөзінен де бірден байқалды. Адамдардың көңіл-күйлі де сондай керемет. Жалпы біздің халық той үшін жаралған. Құдай осы тойымыздан айырмасын», - дейді әнші Бауыржан Нұрымбет.
Әншінің айтуынша, локдаун кезінде тек тұрақты табысы бар өнер азаматтары қиыншылықты аса қатты сезінбеді.
«Өзімнің жеке бизнесім болмағандықтан, тойдан табатын табыс тоқтады. Алайда мен мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жүргендіктен тұрақты кіріс болды. Сондықтан, қатты қиналдым деп айта алмаймын. Бірақ тек той мен концерттен табыс тауып жүрген әншілерге карантиннің кесірі тиді», - дейді Бауыржан.
Той өткізуге ресми түрде рұқсат беру әншілер мен асабалардың оң жамбасына келгені сөзсіз. Ендігі кезекте сұраныс арта түсетіндіктен, өнер иелерінің гонорары да қымбаттайтын көрінеді.
«Әрине бір жарым жыл бұрынғы бағалармен қазіргі бағалардың арасында айырмашылық бар. Өйткені жиған-терген ақшалары таусыла бастады. Көбі қаншаға шақырып жатты, соншаға барып өнеррін көрсетіп жатты. Ал қазір тойға рұқсат берілгендіктен әншілер, асабалар, музыканттар қайтадан бұрынғы бағаcын қоюы мүмкін. Өйткені халық сүйікті әншісін тойда көргісі келсе, ол бәрібір оны шақырады», - дейді Бауыржан Нұқрымбетов.
Елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, халық көптеп жиналатын түрлі мерекелік шараларды өткізуге рұқсат берілгенімен, ЖОО-да кейбір студенттерге қашықтан білім беру жүйесі әлі де сақталып отыр. Мәселен, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші курс студенттері әлі күнге дейін онлайн форматта оқуға мәжбүр.
«ҚР Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығына сәйкес әрбір оқу орны өзінің академиялық саясаты мен шарттарына байланысты аралас оқыту форматын қолдана алатындығын ескере отырып, біздің университет 2021-2022 оқу жылында оқу үрдісін blended learning (аралас оқыту) форматында ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтай отырып, дәріс сабақтары - онлайн, семинарлар, практикалар, зертханалар, дене шынықтыру сабағы - офлайн өткізілуде. Бірінші курс студенттері бірінші семестрде жалпы білім беретін пәндер бойынша сабақ алатындықтан, олар теориялық материалдарды оқиды. Осыған байланысты, министрлікпен келісе отырып, университет басшылығы бірінші курс студенттерін онлайн форматқа уақытша ауыстыру туралы шешім қабылдады», - деп жауап берді университеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, БАҚ беттерінде университет жатақханасынан қашықтан оқыту форматына көшірілген бірінші курс студентін шығарып жібергендігі туралы таралған ақпараттың жалған екені айтылды.
«Университет жатақханасынан бірде-бір студент шығарылған жоқ. Бұл жалған ақпарат.
Бүгінде жатақханада бірінші курс студенттері тұрып жатыр. Біз өз тарапымыздан оларға жан-жақты қолдау көрсетудеміз. Егер студенттер үйлеріне қайтуға мүмкіндік болмаса, онда олар жатақханада тұруды жалғастыра алады», - деді баспасөз қызметі.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан