Құрманғазы ауданында 110 млн теңгеге сатып алынған паром әлі іске қосылмай тұр
Тұрғындардың аудан орталығына қатынауы қиындаған
Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Көптоғай округін аудан орталығымен Қиғаш өзені арқылы паром өткелі байланыстырып тұр. Жүзбелі кеме бірде жұмыс істесе, бірде істемейді. Ал өткен жылдың аяғында бюджеттің 110 миллион теңгесіне сатып алынған жаңасы әлі қосылмай тұр, деп хабарлайды azh.kz.
«Паром жұмысының тұрақсыздығына байланысты өзеннен қайықпен өтуге тура келеді. Ал жел тұрған күндері қайықпен өту өте қауіпті. Жаңа кеме неге қосылмай тұрғаны түсініксіз. Бір жылдан бері қалқиып бос тұр. Әкімдікке талай рет шағымдандық, құлақ асып жатқан кісі көрінбейді», - дейді жергілікті тұрғындар.
Аудан әкімінің кеңесшісі Наурызбай Бисенғалиев жаңа паромның қашан қосылатынын айтты.
«2020 жылы Көптоғай ауылы және Балықшы елді мекені үшін «БК-100» маркалы сүйретпелі кеме сатып алынды. Оны Павлодардан жеткізген соң зауыттық ақаулары бар екені анықталып, ол өнім беруші тарапынан күні бүгінде қалпына келтірілді. Қазіргі таңда кемені Көптоғай ауылы округінің теңгеріміне беріліп жатыр. Осы жылдың қазан, қараша айларында іске қосылады», - деді әкімдік өкілі.