$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.09.2021, 10:43
Қоғам

Елордада Аналар кеңесі мен Әкелер одағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Олар қоғамдағы отбасы проблемаларын, бала тәрбиесіндегі мәселелерді бірлесе шешпек

Елордада Аналар кеңесі мен Әкелер одағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды

ҚХА жанындағы Аналар кеңесі мен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі дәстүрлі «Әке жолы – ізгі жол» атты республикалық Әкелер апталығының ашылу барысында өтті.

Айта кетейік, 27 қыркүйекте елордада «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Әкелер апталығы шарасы басталды.

Апталықтың мақсаты – тал бесіктен бастап үлкен өмірге қадам басқан жас ұрпақтың тәрбие-тәліміне әкелердің қосар үлесін нығайту дейді ұйымдастырушылар.

Республикалық Аналар кеңесі төрайымы Назипа Шанаидың айтуынша, саналы, салауатты ұрпақ қалыптастыруда күш біріктіру расында оң нәтиже бермек. Осылайша қос ұйым қоғамдағы отбасы проблемаларын, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді бірлесе шешпек.

«Аналар кеңесінің мақсаты – елімізде аналар мектебін қалыптастыру. Алайда, ол мақсатқа аналар азаматтардың қолдауымен ғана жететіндігін алға тарта отырып, бірге жұмыс атқаруға шақырамыз», - деді Назипа Шанаи.

Ол сондай-ақ, жұмыс бабымен жүріп, отбасына көп көңіл бөле алмайтын әкелерге арнап жоғары сынып және студенттер арасында «Әкеме хат» атты жобасын Аналар кеңесімен бірлесе ұйымдастыруды ұсынды. Бұл жоба әке мен бала арасының ашылып бара жатқан сызатын жабуға сеп болады дейді ол.

«Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі жетекшісі Баян Ахатай әкелердің белсенділігін тек мектеп қабырғасы емес, балабақшалардан бастау алу қажеттілігі туралы айта келе, ІТ технологтармен біріккен «MUNARAT» жобасымен таныстырды. Жобаның мақсаты – қазақ тілінде сапалы контент қалыптастыру, оны балабақшалардың жұмысымен байланыстыру, ата-аналармен байланыс орнатудың тиімді тетіктерін насихаттау.

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет балаларды тәрбиелеудің ең тиімді әдісі – өзіңді тәрбиелеу деп, интернет желісінің еркін қолданушысына айналып отырған балалардың сапалы сараптамалық дағдысын қалыптастырудың негізі олармен сапалы коммуникация жасай білу екендігін атады.

«Бала арқылы ата-атасын, оның артында қоғамды дамытуда бірлескен жұмыстар атқару біраз мәселені шешеді. Әр азамат өз отбасын қолдап, қорғай білсе, Отанды қорғаушылар да көптеп қалыптасады», - деді Мақсұтбек Айтмағанбет. Ол әкенің ролін арттырудың нақты шешімдерін кең насихаттап, оған республикалық сипат беру жағын ұсынды.

Серіктес жаңалықтары