«Абайдың менен көп оқылатынына көзім жетті». Балтабек ақын халықтан кешірім сұрады

Ол екі жыл бұрынғы мәлімдемесін түсіндірді

Осыдан бірер жыл бұрын Балтабек Нұрғалиев есімді атышулы ақын өзін қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтан да биік санайтынын айтып, «Мәселе» бағдарламасында ағынан жарылған еді.

«Бүкіл қазақ мені оқып жүр. Орыстілді болсын, қазақтілді болсын және басқа тілдегі ақындардың ішіндегі, қазақстандық поэзиядағы ең көп оқылатын ақын, ол – менмін. Ешкім басқа ақындарды үйінде тығылып, жастанып, әр әрпімді, әр буынымды санап, мені оқығандай оқымайды. Қазақ поэзиясында нөмірі бірінші болып мен тұрмын деп есептеймін. Мен оған сенімдімін», - деді Балтабек ақын.

Ал, жүргізушінің «Абайдың алдына шығып кеткен жоқсыз ба?» деген келесі сұрағына: «Оқылым жағынан Абайдың да алдына шығып кеттім деп есептеймін», - деген еді еш шімірікпестен.

Арада екі жылға жуық уақыт өткен соң Балтабек ақын «бигінен» түсіп, қателігі үшін халықтан кешірім сұрады.

«Мен бүгін Абайдың менен де көп оқылатын ақын екеніне көзім жетті. Мойындадым. Жалғыз Абай ғана емес, жалпы қазақ әдебиетіндегі барлық ақындар менен көп оқылады. Мен әлемдегі ең соңғы ақынмын. Қазақстандық поэзиядағы, орыс тілді болсын, қазақ тілді болсын, жалпы басқа тілдердегі ақындардың ішіндегі ең аз оқылатын ақын, ол – менмін. Қазақ поэзиясында аз оқылу жағынан нөмірі бірінші болып мен тұрмын деп есептеймін. Абайдың өлеңі де, де өзі де менен алда. Мен оқылым жағынан да, басқа ұлылық жағынан да, жаңашылдық жағынан да Абайдың алдына шығып кеткен жоқпын.

Қателігім үшін қоғамнан кешірім сұраймын», - деп ағынан жарылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.