Атырауда бас имам мешіттің мүлкін сатқан: заңгерлер ақпарат таратушыны іздеп жатыр
«Иманғали» мешітінің бас имамының басы дауға қалды

Әлеуметтік желіде Атырауда бас имам мешіт мүлкін сатып жіберді деген ақпарат тарады. Жазбада аймақтың діндары мешітке тиесілі қызметтік пәтерді менсінбей, орталықтан үй жалдап тұратыны айтылған. Сондай-ақ мешітке тиесілі 4 көлікті сатып жіберген. Оқиғаның мән-жайын AstanaTV тілшісі анықтады.
40 жастағы Алтынбек Ұтысханның аймақ бас имамы қызметіне тағайындалғанына екі жыл болған. Соңғы кезде оған қатысты әлеуметтік желіде жазбалар толып жүр. Имам «Иманғали мешітінің төрт автомашинасы: Ford Mondeo, Прадо джип көлігі, жолаушылар таситын Газель және қорабы тентпен жабылған Газель көлігін сатып жібергені айтылуда.
Бас имамның өзі әкімдік берген джип көлігін мініп жүр екен. Бас имамның өзі қалада жоқ. Денсаулығына байланысты елордаға кетіпті. Ал қызметтік көлігі орнында.
Наиб имамның айтуынша, мешітке тиесілі 4 көліктің сатылып кеткені рас болып шықты.
«Сатылды деген көліктер - әбден тозығы жеткен көліктер. 2020 жылы сатылды. Барлығының құны 11 млн теңгедей болды. Былтыр 6 имамымызға қызметтік пәтер дайындағанбыз, солардың шаруашылығына және мешіттерге бейнекамералар орнатылған, соларға және ішкі коммуналдық шығындарға сол қаржылар жұмсалды», – дейді «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев.
Қаладағы қымбат мөлтекаудандарының бірінен Бас имамға арналып 4 бөлмелі қызметтік пәтер сатып алынған. 4 көліктің бірінен түскен 9 млн теңгеге өңір кәсіпкерінің бірі ақша қосқан.
Оны Алтынбек Ұтысханның өзі де айтты. Айтуынша, бұған дейін орталық мешітке тиесілі қызметтік пәтер болмаған.
«Басқа адам келген кезде бас ауырып жүрмеу керек. Мешіттің өзіне тиесілі қызметтік үйі болу керек. Ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттарын көрсете аламын. Бұл жала деп есептеймін. Ол жерде айтылған мәселеге нақты дәлелдермен келтіріп біз айта аламыз. Оның барлығы заңды тұрғыда бар», – дейді Атыраудың бас имамы Алтынбек Ұтысқан.
Ал, астына мініп жүрген жол толғамайтын көлігін, облыстың бұрынғы әкімі мешітке сыйға тартқанын жеткізді.
«Бас мүфти бастаған делегацияның Атырау сапарына да, мешіттен бір тиын шығын шықпады», – дейді бас имам. Жұмсалған 2 млн 400 мың теңгені де аймақ кәсіпкерлері көтерген.
Әлеуметтік жазбадағы ақпараттарына қатысты мешіт заңгерлері қазір жұмысты бастап кеткен. Олар жалған ақпарат таратқан авторды іздестіріп жатыр. Табылған жағдайда құзырлы органдарға ұсыну, не ұсынбау жағын әлі шешпепті.