ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Петропавлда жетімдерге тиесілі пәтерлер басқа тұлғаларға берілген

Әкімдіктегілер комиссия шешімімен келіспей отыр

көрнекі фото

Петропавлда жетімдерге тиесілі пәтерлер басқа тұлғаларға бұйырған. Бұл фактіні қалалық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде тексеріс жүргізген облыстық тергеу комиссиясы анықтады. Аудит барысында 3 млрд теңгеден астам қаржылық заң бұзушылық әшкере болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЖЕТІМДЕРДІҢ ПӘТЕР КЕЗЕГІ КЕЙІН ЖЫЛЖЫҒАН

Марина Докучаева әке-шешесінен бала кезінде айырылған. 2010 жылы мектеп бітіре сала қалалық әкімдіктегі пәтер кезегіне тұрған. Туған-туысы жоқ бойжеткен Петропавлда пәтер жалдап күнелтіп келеді. Айтуынша, табысын баспанаға жинамақ түгіл, күнделікті жүріс-тұрысына әзер жеткізеді. Қазіргі бар үміті мемлекет тарапынан жетімдерге берілетін тегін үйде. Алайда кезек өте баяу жылжиды.

«Мен 2010 жылы пәтер кезегіне тұрғанда шамамен 1600-орында болдым. Кейін жетімдер үшін басқа кезек құрылып, мен 360-орынды иелендім. Енді жеті жылдан бері әлгі кезек не бары 150 сатыға ғана жылжыды. Қашан баспаналы болатынымды білмеймін. 8 жасар балам бар. Жүз мың айлығым пәтер жалдауға және азық-түлікке кетеді. Ақша жинауға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне қымбатшылық қысып барады. Баланы мектепке жіберудің өзі бір мұң», - дейді Марина.

Кейіпкеріміз сынды баспана кезегін күтіп жүрген 13 адам пәтерден қағыла жаздапты. Тергеу комиссиясы жүргізген тексерісте олардың кезегінің алға емес, кейін қарай жылжып кеткені анықталған.

«Әкімдік тұрғын үйге мұқтаж адамдарға тұрғын үйді бөлу және беру кезінде қолданыстағы заңнаманың нормалары мен талаптарын сақтауды қамтамасыз етпеген. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға берілген пәтерлер саны үй заңнамасының белгіленген нормативіне сәйкес барлық берілген пәтерлердің жалпы санының 5 пайызына, яғни 13 пәтерге сәйкес келмейді, бұл балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қайшы. Кейін қалалық әкімдікке нұсқау жасадық. Олқылықтар анықталғаннан кейін тұрғын үй коммуналдық бөлімі 13 адамға пәтерін берді», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Марат Ебжанов.

Петропавл қалалық әкімдігінің өкілдері тергеу комиссиясының таратқан мәліметтерімен келіспейтінін жеткізді. Шенділердің айтуынша, жетімдерге пәтер беру жұмысы уақытша кейінге шегерілген.

«Кезек түрлі санат бойынша бөлінеді. Біз пәтерлерді жетімдерге емес, көпбалалы отбасыларға бердік. Кейін ата-ана қамқорлығынсыз қалғанда да баспаналарын алды. Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Тек әр санаттағы адамдар түрлі уақытта пәтер алды», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

ТҰРҒЫН ҮЙ ЗАҢНАМАСЫ САҚТАЛМАҒАН

Тергеу комиссиясы мамандарының айтуынша аудит барысында Петропавл қалалық әкімдігінде тұрғын үй заңнамасының жүйелі түрде бұзылып отырғаны анықталған.

«Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша 3,2 млрд теңге сомасында қаржылық заң бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 19 млн теңге өтелуге және 3 189,2 млн теңге қалпына келтірілуге жатады. Бұдан басқа, мемлекеттік аудит барысында рәсімдерді орындау тәртібінің 11 рет бұзылғаны анықталды. Бухгалтерлік есепті бұзу толық көлемде жойылды және жергілікті бюджетке 6,6 млн теңге сомасында қаражат түсті. Жүргізілген мемлекеттік аудит қаржылық тәртіпті сақтаудың жеткіліксіз екенін, лауазымды қызметкерлердің қолданыстағы заңнамалардың нормаларын сақтамайтынын көрсетті. Сонымен қатар жүйелі сипаттағы көптеген заң бұзушылықтар анықталды», - дейді Ебжанов.

Тексеріс барысында анықталғанындай, тұрғын үй комиссиясының отырысында мемлекеттік қызметшіге жалпы аумағы 170 шаршы метрлік пәтерді жекешелендіруге рұқсат беретін құжаттарға қол қойылған. Отырысқа дейін екі үш бөлмелі пәтердің қосылып, біреу ретінде рәсімделгені де белгілі болды.  Кейін меншік иесі жылжымайтын мүлікті сатып жіберген. Тергеу комиссиясы олжалы адамның аты-жөнін құпия сақтауды жөн санапты, ал қалалық әкімдік өкілдері бұл факті жайында сұхбат берцден бас тартты.

Сонымен қатар, мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді негізсіз берудің 9 жағдайы тіркелген. 2 баспананы дәл осы коммуналдық шаруашылық бөлімінің 2 қызметкері жалдап тұрған. Қалған жетеуі басқа салада еңбек еткен мемлекеттік қызметшілер.

«Пәтерлерді негізсіз берудің фактілері болған жоқ. Бұрынғы қызметкерлер жұмыстан кеткенде уақытша берілген баспаналарды дер кезінде тапсырмайды. Кейбіреуі жиһаздарын тастап кетіп, кейін атып кетеді. Тексеріс кезінде осындай пәтерлер анықталды. Ол негізсіз берілгенге жатпайды. Бұл орайда әкімдік тарапынан заң бұзушылық жоқ», - дейді Асқар Хабибулин.

Тергеу комиссиясы Петропавл қалалық әкімдігініңі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде жүргізген тексеріс нәтижесінде 82 материал жинап, құзырлы органдар қарауына жіберген.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО