$ 517.84  543.11  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.09.2021, 15:13
Қоғам

СҚО-да 800 оқушы күрделі жөндеу жүріп жатқан мектептерде білім алуға мәжбүр

Өңірде білім нысандарын қалыпқа келтіруге бөлінген 4,5 миллиард теңгені жауапты мекеме игеріп үлгермеген

СҚО-да 800 оқушы күрделі жөндеу жүріп жатқан мектептерде білім алуға мәжбүр

Солтүстік Қазақстанда 6 мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. 800-ден астам бала күрделі жөндеу жүріп жатқан білім ошақтарында оқуға мәжбүр. Оған құрылыс жұмыстарының кеш басталуы себеп. Биыл өңірде 52 білім беру нысанын қалыпқа келтіруге төрт жарым миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген. Жауапты мекеме қолда бар қаражатты игеріп үлгермеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

МЕКТЕП 40 ЖЫЛ СЫЛАҚ КӨРМЕГЕН

Жаңа оқу жылын құрылысшылармен бірге қарсы алған ұжымның бірі - Мамлют ауданы Афонькино ауылындағы орта мектеп. Қазір мұнда білім беру процесінен гөрі, жөндеу жұмыстары қызып тұр. Дәлізде әдеттегідей оқушыларды емес, құрылысшыларды ғана көресіз. Тамызда басталған күрделі жөндеудің жақын күндері аяқталмасы анық. 65 оқушы бірінші қабатта орналасқан бірнеше кабинетте қыстырылып-қымтырылып білім алуға мәжбүр. Одан басқа амал – онлайн форматқа ауысу. Алайда ата-аналар балаларын қашықтықтан оқытуды құптамапты.

«Ата-аналар арасында сауалнама жүргіздік. Барлығы да балалардың дәстүрлі түрде, мектепте оқығанын қалады. Жөндеу жұмыстары білім беру процесіне кедергі келтіріп жатқан жоқ. Балалар бірінші қабатта оқып жүр. Алты кабинет бар. Мұғалім мен оқушы көзбе-көз жұмыс істегенге ештеңе жетпейді. Қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Шатыр жабыны, есік, терезе, еденнің барлығы ауыстырылады», - дейді мектеп директоры Жанна Бекенова.

Нысан 40 жыл бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмепті. Ғимарат 180 млн теңгеге толықтай жаңаланбақ. Жұмыс екі жылға жоспарланған.

«Біз 6 тамыз күні келісім шарт бойынша заңды түрде жұмысқа кірістік. Ішкі демонтаж жұмыстары бар. Оны 20 тамызға дейін толығымен жасап біттік. Бізге басшылық өтініш жасағандықтан бірінші кезекте төменгі қабаттағы жөндеуді аяқтадық. Тапсырыс беруші Мамлют аудандық білім бөлімі мен құрылыс компаниясы қол қойған құжатқа сәйкес 6 қарашаға дейін уақытымыз бар. Заң жүзінде күрделі жөндеу жұмыстарына 3 ай уақыт беріледі. Мүмкіндік болса, жұмысты ерте аяқтаймыз. Қыркүйектің 25-іне дейін мектепті толық тапсырғалы отырмыз. Біздің жұмысымыз жоспар бойынша, уақытылы орындалып жатыр», - дейді «ГРАДСТРОЙСЕРВИС» серіктестігі құрылыс алаңының басшысы Мұқан Ордабеков.

БАЛАЛАР ЕКІ АУЫСЫМДА БІЛІМ АЛЫП ЖҮР

Балалар екі ауысымда білім алып жүр. Ал дене шынықтыру сабақтары далада өтеді. Оқушылар үзілісте тамақ та ішпейді. Мұғалімдер үйілген жиһаз бен шаңның арасында сабақ жоспарын жазады. 

«Биыл Мамлют ауданы бойынша 3 мектепте күрделі жөндеу жүргізуге қаржы бөлінді. Леденев орта мектебіндегі жұмыс аяқталды. Андреевка ауылындағы нысан да осындай жағдайда. Ата-аналар түсіністікпен қарап отыр. Балалар баруға болмайтын жерлерге арнайы белгілер қойылды. Жөндеу жұмыстары сабақтан тыс уақытта және түнгі уақытта аздап жүргізіледі», - дейді Мамлют аудандық білім бөлімінің жетекшісі Данияр Шәкенов.

Назар Темірбек 4 сынып оқушысы. Сабақ үлгерімі жақсы. Болашақта ІТ саласының маманы болуды армандайды. Алайда қазір мектепте компьютермен жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ.

«Жөндеудің тез аяқталып, мектебіміздің әдемі болғанын қалаймын. Қазір түстен кейін оқып жүрміз. Сабақ уақытында үстіңгі қабаттарда құрылысшылардың жұмыс істеп жатқаны естіледі. Ол бізге аздап кедергі келтіреді», - дейді оқушы.

20-ҒА ЖУЫҚ МЕКТЕПТЕ ЖӨНДЕУ ТОЛЫҚ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ

Айыртау, Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Тайынша аудандарындағы бірнеше мектептің де жағдайы осындай. Биыл облыста 46 мектепті күрделі жөндеу жоспарланған. Жартысына жуығында жұмыс толық аяқталмаған. Яғни, ішкі әрлеу жүргізілгенмен, сырттағы жұмыс әлі де жалғасуда.

«Қаржы кеш түсті. Маусым айында байқау жарияланды. Байқауды біз емес, басқа ұйым жариялайды. Қатысушылардың арасында оның нәтижесімен келіспей, шағымданғандар болды. Екі арызды қарастыруға бір ай уақыт кетті. Сондықтан жөндеу жұмыстары уақытында басталмады. 46 мектептің 6-ында проблема бар. Барлық мектептерде шатыр, терезе, еден, кәріз жүйесі ауыстырылып жатыр. Кешенді жұмыс көп қаржыны қажет етеді. Жұмыс оқудан тыс уақытта жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары балалардың білім алуына кедергі келтіріп жатқан жоқ. Сабақ уақытылы жүріп жатыр. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуда», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.

Білім басқармасының өкілдері тамызда басталған жөндеу жұмыстарының қыркүйектің 20-сына дейін аяқталатынын жеткізді.

Бұған дейін Тайынша ауданында қарасты Ильич мектебінің жаңа оқу жылына дайын еместігін жазған болатынбыз. Салынғанына жарты ғасырдан асқан ғимарат ешқашан күрделі жөндеу көрмеген. Төбеден су ағып, қабырғасы көгеріп, едені шіріген мектепте 50 –ден астам бала білім алып жүр. Аталған нысан да толықтай қалпына келтірілген жоқ.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары