$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2021, 09:32
Қоғам

Жатақханадан орын тимеген СҚУ студенттері далада қонуға мәжбүр

Бас санитарлық дәрігердің қаулысы ақылға қонымсыз дейді олар

Жатақханадан орын тимеген СҚУ студенттері далада қонуға мәжбүр
Inbusiness.kz

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 2 мың студенті жатақханадан орын ала алмай жүр. Өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігенінің қаулысына сәйкес, 1 бөлмеде екі адамнан ғана тұруы тиіс. Оқу орнының 1500 орынға шақталған 3 жатақханасына 700-ден астам студент орналастырылған, деп хабарайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЖАТАҚХАНА ЖАҒАЛАП ЖҮР, ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ...

600-ге жуық студент бірнеше күннен бері университет маңын жағалап жүр. Қазір барлығы дерлік бірнеше тәулікке жалдаған пәтерлерде тұрып жатыр. Ақшасы таусылып, амалы құрыған жастар енді қайда барарын білмейді.

«Білім беру грантына конкурс болғанда осы Солтүстік Қазақстан университетіне түстім. Болашақ бастауыш сынып мұғалімімін. Өзім Ақтөбеден келдім. Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда баспанасыз қалып отырмыз. Бір аптадан бері тәулігіне 7 мың төлеп пәтер жалдап күнелтіп келеміз. Бір ай үй жалдайтын ақша шықты. Ұзақ мерзімге қарастырып көріп едік, университет маңында мүлде пәтер жоқ. Не істейтінімізді білмейміз. Деканның қатысуымен жиналыс болды. Проблеманың нақты шешімін ешкім ұсынған жоқ. «Қарастырамыз» дейді. Уақыт кетіп жатыр. Қашанғы тәуліктік пәтерге төлей береміз. Ақша таусылды. Не істейтінімізді білмейміз», - дейді студент Әзиза Әкімжанова.

ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП КЕТТІ

Маусымдық сұранысқа сай жалға берілетін пәтер бағасы да шарықтап кеткен. Бірнеше риелторлық агенттікке хабарластық. Ешқайсысынан жоғары оқу орны маңынан пәтер табылмады. Қаланың шеткі ауданынан баспана жалдау үшін кемінде 100 мың теңге қажет. Оның үстінен төленетін коммуналдық қызмет ақысы тағы бар.

«Сонау Қарағандыдан қызымды әкелдім. Ақтоғай ауданындағы ауылда тұрамыз. Күніне 5 мың теңгеден төлеп, пәтерде тұрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге жалдайық десек, біріншіден бағасы шарықтап тұр, екіншіден таппайсың. Барлығын алып қойған. Қызым грантта оқиды. Ешқайда ауыстыра алмаймын. Университет басшылығы сабырға шақырып жатыр. Әрине, олардың айыбы жоқ. Бірақ карантинде қаншама халық сабылып жүр», - дейді ата-ана Айнұр Мұнарбаева.

«ДАЛАДА ҚОНУДАН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ...»

Ару Атахан түстіктен теріскейге «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы арқылы келген. Қазір 3-ші курс студенті. Өзі сынды 600 студент баспана таба алмай жүр. Ол да құрбыларымен бірге университет маңын жағалауға мәжбүр. Алайда, нәтиже жоқ. Күн сайын білім ордасына үмітпен келіп, еңсесі түсіп кері қайтады.

«Сонау Шымкенттен келдік. Өткен жылы қашықтықтан білім алдық. Енді дәстүрлі форматқа ауысатын болғандықтан, университетке жүздеген студент шақыртылды. Карантиндік талаптарға байланысты бір бөлмеге екі студенттен ғана орналастырып жатыр. Біз аптасына екі рет қана университетке барады екенбіз, қалғаны онлайн. Одан да қашықтықтан оқи бергеніміз дұрыс еді. Тұратын жер таппай көшеде сенделіп жүрміз. Миллионердің қызы емепсін. Ата-анам берген ақша бітуге жақын. Жалдамалы пәтерден жақын күндері шығуға тура келеді. Түнде далаға қонудан басқа амал жоқ», - дейді Ару Атахан.

Жоғары оқу орнында 7 мыңға жуық студент білім алып жүр. Олардың жартысына жуығы басқа өңірлер мен ауылдық жерлерден келген. Жатақханадағы орындар бірінші кезекте бірінші курсқа қабылданған грант иегерлері, көпбалалы отбасылардан шыққан және мүгедектігі бар студенттерге беріліпті. Қалғанның проблемасы не болары әзірге белгісіз. Білім алуға келіп қаңғырып қалған студенттердің көпшілігі мұндай санитарлық талаптарды түсінбей дал.

«Карантиндік талаптарға сай бір бөлмеде екі студенттен тұрсын. Қош делік. Аудиторияларда бәрі бірге отырады. Асханада бірге тамақтанады. Кір жуып, тамақ әзірлейтін жер бір. Сондықтан мұндай талап ақылға қонбайды. Біз қиналып кеттік. Студенттерге ешкім жалға пәтер бергісі де келмейді. Бір ай күтуіміз мүмкін екені де айтылып жатыр. Уақыт көрсетеді енді оны. Мәселенің оңтайлы шешілетініне сенімді емеспін», - дейді 3 курс студенті Мөлдір.

ҚОНАҚ ҮЙЛЕРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРІП ЖАТЫР

Университет басшылығы жастарды қаладағы қонақ үйлер, хостелдер мен студенттік жатақханалардағы бос орындарға орналастыру мақсатында келіссөздер жүріп жатқандығын айтты. Әзірге проблеманың нақты шешімі жоқ.

«Студенттік жатақхана жағдайы қордаланып қалды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты қазір бір бөлмеге екі адамнан орналастырып жатырмыз. Сондықтан орын қалмады. Университет жай қарап жатқан жоқ. Өздігінен мәселені шешу жолдарын қарастыруда. Қаладағы қонақ үйлердегі бөлмелерді қолжетімді бағамен студенттерге беру үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бос орындар бар оқу орындарының басшылығымен де хабарластық. Жақын күндері 300 балаға бөлме табылып қалуы мүмкін», - дейді академиялық қызмет департаментінің директоры Жанар Таласпаева.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары