Қазақстан тәуелсіздігіне 28 жыл: елімізде Ленин атындағы 15 мектеп бар
Бұдан бөлек елімізде Владимир Ленинге арналған 150-ден астам мүсін сақталған

Қазақстан егемен ел болып, тәуелсіздігін жария еткеніне биыл 28 жыл толды. Осынша уақыт өткеніне қарамастан, республикада Владимир Ленинге арналған 150-ден астам мүсін сақталған. Оның үшеуі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Пролетариат көсемінің атында 13 елді мекен, 200-ге тарта көше бар. 15 білім беру мекемесінің шәкірттері «Күн көсемінің» есімімен аталатын мектептерде білім алып жүр. Тақырыпты Azattyq Rýhy тілшісі зерттеп көрген еді.
Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген 3 мүсін Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орнатылған. Сондай-ақ, Алматы, Қызылорда, Петропавл, Өскемен қалаларында тарихи тұлғаларға, оның ішінде Ленинге арналған ескерткіштер жинақталған саяжолдар мен скверлер құрылған.
Фото: Қостанай қаласы
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде Ленинге арналған 159 мүсін құрылысы сақталған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру, олардың орнын ауыстыру, жаңаларын орнату жөніндегі жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Тарих пәнінің мұғалімі Ділбар Бегалинаның пікірінше, «күн көсемінен» арылу үшін ұлттық санаға серпіліс қажет.
«Лениннің декреттерін көрсек, әскери коммунизм саясаты кезінде үкіметке астығын беруге қарсылық көрсеткен адамдарды «халық жауы» деп жариялап, кемінде 10 жылға соттап жіберу, жер аудару сынды жаза қолданды. Сол кезде ата-бабаларымыз қаншама жапа шекті. Сондықтан, елімізде әлі күнге Ленин атындағы елді мекен, көше, мектеп атауларының болуы – бұл біздің ұлттық сана-сезіміміздің әлі де төмен деңгейде екенінінің бір айғағы. Себебі бұның өзі біздің тарихымызды терең білмейтініміз, оны жан-жақты сараламайтындығымыздың көрсеткіші.
Қазіргі мемлекеттігімізге жат атаулардың осы күнге дейін сақталып келе жатқандығы – билік басында Кеңес үкіметі санасының астарына дейін әбден сіңіп кеткен басшылардың отыруында деп ойлаймын. Бұл олқылық жойылуы үшін – тұтас ұрпақ алмасуы керек. Қазіргі ұстаным, көзқарасымызды зерделесек, біз әлі күнге сол кездегі идеологиядан толыққанды арыла алмай келе жатырмыз. Тарихтың ақтаңдақ беттері айқындалып, архивтер ашылып жатыр. Билікке шынайы тарихты оқыған, егемендікті сезініп өскен жас буын келгенде ғана бұл жағдай өзгереді», - дейді тарих пәнінің мұғалімі Ділбар Бегалина.
Кеңес үкіметі кезінде әр оқулық Ленин сөзімен басталып, әр үйде оның портреті ілініп тұрғаны жасырын емес. Ол күндер тарих қойнауына кетіп, В.Ленин ескерткіштері кеңестік идеологияның атрибуттары ретінде өзінің мәдени құндылығын жоғалтқалы да талай уақыт өтті. Кеңес үкіметі келмеске кетсе де, Лениннен әлі күнге арыла алмай келе жатқанымыз, ақылға сыймайды.
«Ленин – тарихи тұлға. Біз оны шежіреден біржолата өшіріп тастай алмаймыз. Бірақ оның есімін дәріптеудің қажеті жоқ. Қазастанда Күн көсеміне арналған нысандардың осынша көп болуы ақылға қонымсыз құбылыс. Оған арналған көп ескерткіш мүлде керек емес. Бір-екі мүсін қалса, қалсын. Кеңес үкіметі – қазаққа үлкен қасірет әкелген кезең. Екі ашаршылық пен Голощекин кезіндегі геноцидтен қаншама қазақ қырылды. Біздің генофондымызға орны бірнеше ғасырда толмас зиян келді. Ашаршылық кезеңінде жейтін тамақ болмағандықтан, адамдар бір-бірін жеуге дейін барған жан түршігерлік фактілер болған. Бұл барша қазақтың рухын жығып, зиялы қауымды құртып жіберді. Сол кездегі статистикаға қарасақ, Кеңес үкіметі халқымыздың 20 мыңнан астам зиялы тұлғасын құртып жіберген кезең болды», - дейді Ділбар Бостандыққызы.
Фото: Семей қаласы
Елімізде Ленин атындағы 200 көше, 13 елді мекен бар
Жергілікті әкімдіктердің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні республика бойынша В.Ленин атында 13 елді мекен, 200-дей көше, 15 білім мекемесі бар. Мұндай атаулар көбінесе өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған өңірлерде, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында кездеседі.
«Қазақтың қаншама батырлары, тарихы тұлғалары бар. Біз сол азаматтардың есімін дәріптеп, жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Алаш үкіметін, Түркістан автономиясын құруға атсалысқан қазақтың тарихын қалпына келтіреміз деп, сол үшін әліпби жасаған, ана тіліміз үшін күрескен, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамбетов, Жақып Ақбаев сынды қазақтың қаншама зиялы азаматтары болған. Олардың есімі көше аттарына беруге әбден лайық.
Ленин атындағы мектепте оқып жүрген бала оны мемлекетіміздің дамуына салмақты үлес қосқан тұлға, тарихи қайраткер ретінде қабылдауы әбден мүмкін. Сондықтан болашақта жатса да, тұрса да Кеңес үкіметі империясын қайтарып, қалпына келтіруді армандап жүргендер жастардың тарихи шындықты білмеуін өз есебіне пайдалануы әбден мүмкін. Сондықтан, жастарда нақты бір ұстаным болуы керек. Лениннің атын күнде естіп, күнде жазып жүрген сол мектептің оқушылары оны дәріптеу керек деп қателесуі мүмкін. Отаршылық кезеңінің көсемдерін балалардың санасына сіңіру арқылы біз болашағымызға балта шабамыз», - дейді педагог.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО