11 айда елімізде 668,5 млн теңгенің зергерлік бұйымдары өндірілді, ал, бір жыл бұрынғы көрсеткіш 648,1 млн теңге
Желтоқсан айындағы мерекелерде алтын әшекей бұйымдар айтарлықтай қымбаттады. Алтыннан жасалған зергерлік бұйымдардың бағасы 9%-ға, ал күміс бұйымдардың құны 3%-ға артыпты. Биыл елімізде 669 млн теңгені құрайтын алтын әшекей өндірілген. Мұндай деректерді energyprom.kz жариялады.
Желтоқсан айында Қазақстанның қалалық жерлерінде алтын зергерлерлік бұйымдардың бір грамы 17,5 мың теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға қымбат.
Алтын бұйымдардың бағасына келсек, бірқатар қалаларда айтарлықтай қымбатшылық байқалған - Нұр-Сұлтанда 24,5 мың теңге (4,5%), Атырауда 20,4 мың теңге (8,6%), Ақтауда 20,3 мың теңге (11,2%) тұрады.
Ал күмістен жасалған әшекейлердің құны бір жылда 2,7%-ға қымбаттап, өткен жылдың қараша айымен салыстырғанда 1,5 мың теңгеге дейін өскен. Ең қымбат күміс бұйым Атырау (2,3 мың теңге - 11,4%), Нұр-Сұлтан (2 мың теңге - 0,3%), Алматы (1,9 мың теңге - 3,1%) қалаларында тіркелген.
Жалпы алғанда, республика бойынша осы жылдың 11 айында зергерлік бұйымдар мен сағаттардың бағасы 7,7%-ға артқан. Ал, 2018 жылы мұндай бұйымдардың бағасы 2017 жылмен салыстырғанда 8,4%-ға қымбаттаған болатын.
Қазақстанда құны 2,5 млрд теңге болатын зергерлік бұйымдар зауыты салынады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын «Астана-Технополис» еркін экономикалық аймағында бой көтереді. Айына 50 кг қымбат металл өңделеді. Ол үшін 62 жұмыс орны ашылады. Фабрика толықтай іске қосылғанда айына 200 кг зергерлік бұйымдар қайта өңделеді. Ол кезде жұмыс орны 207 адамнан кем болмауы тиіс. Дайын өнімдер АҚШ, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан сияқты жақын елдерге экспортталады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы