Наразы халық жолды жауып, БАКАД құрылысын тоқтатты
Қалаға тек айналма жол арқылы қатынайтын Бейбітшілік ауылының тұрғындары балама жол салып беруді талап етті
Үлкен Алматы айналма жолына қатысты тағы наразылық шарасы өтті. Бұл жолы Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғындары жолды жауып, автомагистраль құрылысын тоқтатты. Салдарынан тасжолдың маңында жүк көліктері қаз-қатар тізіліп, ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Бейбітшілік ауылының тұрғындары қалаға тек айналма жол арқылы қатынайды. Сондықтан елді мекен халқы әкімдіктен шаһарға шығатын балама жолды салып беруді талап етті, деп хабарлайды КТК.
Үлкен Алматы айналма жолының маңында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Бұл жүк көліктерінің міндеті -тас төсеу. Алайда жүргізушілер таңнан бері жұмыстарын бастай алмай, қаз-қатар тізіліп тұр. Өйткені, ашуға мінген Бейбітшілік ауылының тұрғындары олардың жолын бөгеді. Наразылыққа шыққан жұрт жергілікті биліктен қалаға кіріп-шығатын жалғыз жолды жаппауды сұрайды.
Талғар ауданына қарасты елді мекен халқы көліктерін жолға кесе-көлденең қойып, 20 шақты КамАЗдың өтуіне мүмкіндік берген жоқ. Төзімі таусылған тұрғындар жанайқайын осылай жеткізуден басқа амалы қалмағанын айтты. Себебі, әкімдіктегілер бұл мәселені шешуге құлықсыз көрінеді. Ал ақылы айналма жол салынса, ауыл жұртының тіршілігі тұралап, қалаға қатынау қиындайды.
«Осы жолды өзіміз тас төсеп жасағанбыз. Осы бір-ақ жол кіретін жолымыз. Сол жолдың өзін мына БАКАД-ты көтеріп, жауып жатыр. Бір апта бұрын әкімдіктен келіп, айтып кеткен. Жол жасап береміз деген. Міне, қаншама уақыт өтті. Ешкім қимылдаған жоқ. Жақында оқу басталады. Мектепке балаларды мына жолмен апара алмаймыз», - дейді Айгүл Нұрмағамбетова есімді Бейбітшілік ауылының тұрғыны.
Қос бүйрегі істемей қалған Русланды да осы түйіткіл алаңдатады. Өйткені, ол аптасына үш рет ауруханаға барып, түтікше арқылы қанын тазартып жүр. Бірінші топтағы мүгедек «айналма жолды пайдалануға берсе денсаулығым нашарлап, жедел жәрдем қызметін шақыра алмай қиналамын ба» депуайымдайды.
«Гемодиалессіз өмір жоқ қой. Оны алмасам ауырып қаламын. Кейде тынысым тарылады. Сол кезде жедел жәрлем қызметін шақыртамын. Жол жоқ болса білмеймін қалай келетінін. Жол салып беруді сұраймын», - дейді Руслан Болатұлы, Бейбітшілік ауылының тұрғыны.
Жұрттың базынасын тыңдауға аудан әкімінің орынбасары келді. Ол көпшіліктің көкейіндегі мәселені шешеміз деп сендірді. Әкімдіктегілер облыс қазынасынан қаржы бөлінген соң БАКАД-тың кесірінен қамауда қалатын елді мекендерге балама жол салуға кіріспек.
«БАКАД-тың балама жолдарын жасауға 177 млн теңгеге өтінім беріліп қойдық. Қазір сол қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз. Қыркүйек айында ақша бөлеміз деп отыр. Ақша бөлінген соң, жұмысты бастаймыз. Талғар ауданында балама жолға 10 аумақ бар. Ал Байсерке-Агро бізді қолдап отыр. Үкімет, халық үшін жер береміз деп отыр», - дейді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқынов.
Айта кетейік, құны 167 миллиард теңгеге бағаланған айналма жолдың құрылысы екі жыл бұрын басталған. Бетоннан құйылатын тас жол қаланың солтүстік аумағын түгел айналып, Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтеді. Автомагистраль 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жан-жағы қоршалатын ақылы жолда көрінген көлік иесі емін-еркін жүре алмайды. Жоспарланған уақыттан кешігіп басталған жобаның сызбасы 2013 жылы мақұлданған. Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері сегіз жылдан бері айналма жолдың маңында талай үй салынып кеткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жауаптылар жоғарғы жылдамдықпен жүйіткитін тас жолға сол маңайдағы ауыл халқы емін-еркін көліктерімен кіріксе, жол апаты жиілейтінін айтады.
«Біз жергілікті халыққа осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әкімдікпен тиісті бас жоспарды жасап жатырмыз. Жолдар қаламен жанасады. Оның барлығы пысықталып жатыр. Жол алты жолақты. Сондықтан екі деңнейлі қиылысулар біздің нормативке рұқсат етілмейді. Оған басты себеп ол жердегі жылдамдық 150 км/сағ есептелінген», - дейді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.
Шенеуніктер жыл соңына дейін Үлкен Алматы айналма жолына қатысты бас жоспарды дайындап, қалаға шығатын жол сұраған жұрттың мәселесін шешуге тырысамыз деп отыр. Ал Бейбітшілік ауылының халқы атқамінерлердің кезекті уәдесі орындалмаса айналма жолда жатып, аштық жариялауға бекінген.