Ұйымдастырушылар азаматтарға инвестициялық жобаларға ақшалай қаражат салуды ұсынған
Алматыда «World Business Consulting» қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Ведомствоның Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің хабарлауынша, қаржылық барлау мәліметтері бойынша, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар азаматтарға World trend Strategies, Confidence World Group, HUBB international, Riviera imperial, Asteco және т.б. үлестес компаниялардың инвестициялық жобаларына ақшалай қаражат салуды ұсынған. Аталмыш үлестес компаниялар заңды қызметтен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен сыйақы алуға кепілдік беріп отырған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар шетелде жүріп, қазақстандықтармен бейнебайланыс арқылы онлайн кездесу өткізіп отырған.
«World Business Consulting» қаржы пирамидасына алданған азаматтар болса, олар Алматы қаласы ЭТД телефонына хабарласа алады: +7 775 923 40 90, +7 708 192 28 18. Басқа қалалардың тұрғындары агенттіктің аумақтық Экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне жүгінуіне болады.