Шымкенттік прокурорлар борышкерді әлеуметтік желі арқылы тауып алған

Автор: Azattyq Rýhy

Ел қазынасына 46 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкер мемлекеттік сот орындаушыларға 1 жылдан бері ұстатпай жүрген

24tv.ua

Борышкерге 2018 жылдың қыркүйек айында іздеу жарияланған. Алайда, осы уақыт аралығында оның жүрген жерін, мекен-жайын сот орындаушылар мен көші-қон полициясы анықтай алмай келген. Тіпті, іздеуде жүрген борышкер бойынша атқару жұмыстары да тоқтатылған екен. Іске прокурорлар араласып, ақпараттық жүйелер мен әлеуметтік желілер арқылы борышкердің жүрген жерін анықтап, сол күні ол дереу сот орындаушыларға жеткізіліпті.

«Борышкердің Facebook әлеуметтік желісінде аккаунты болып шықты. Сонда тұрғылықты жері көрсетілген. Қаладағы Еңбекші ауданынында тұрады екен. Құзырлы органдарға сұраныс хат жіберіп, мекен-жайын анықтап үйіне бардық. Сөйтсек, борышкер үйінде отыр. Оны сот орындаушысы үйіне барып іздемеген екен. Прокурорлар жеке өздері барып, прокуратураға шақырту беріп кеткен. Ертеңіне ол келді. Сот актісін орындамағаны үшін әкімшілік іс-өндірісі қозғалып, 12 625 тенге көлемінде айыппұл салынды», - дейді Шымкент қаласы прокуратурасының баспасөз хатшысы Ардақ Кәміл.

Жасы 40-қа жақындаған борышкер 2011-2015 жылдары жалған кәсіпкерлікпен айналысқан. Яғни, компаниясының мүлкін тіркемеу арқылы салықтан жалтарған екен. Кейіннен бұл қылмысы әшкереленіп, 2017 жылы Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мемлекет қазынасына 46 миллионнан астам қарызын өтеу жайлы шешім шығарған. Қазірде сот шешімінің орындалуы прокурорлармен бақылауға алыныпты.

Айта кетейік, мемлекетке түрлі қарызы бар борышкерлерден қаражатты өндірумен сот орындаушылары айналысады. Алайда, олар берешекті қайтара алмаған жағдайда іске прокуратура немесе полиция араласып, борышкерден мәжбүрлеп өндіруді жүзеге асырады.

Арай Есенбек, Шымкент