Бүгін Денсаулық сақтау министрі жаңа кодекске байланысты Нұр-Сұлтанда қоғам өкілдерімен кездесті
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және министрлік өкілдерінің қатысуымен өткен жиынға келген аналардың бірі 9 айлық нәрестесінің қызылшаға қарсы вакцинадан соң шетінеп кеткенін айтты. Бүгінде ол өзінің пікірлестерімен бірге топ құрып, міндетті вакцинацияға қарсы үгіт жүргізіп жатыр екен. Ал дәрігерлер бала өлімінің нақты себебін әлі күнге дейін анықтамаған.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Людмила Бұйрабекова баласы шетінеген әйелден аталған жағдай бойынша жазбаша өтініш жасауын сұрады. Ал, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин вакцинациядан бас тарту өлім санын арттырып жатқанын айтады.
Еске салсақ, «Халық денсаулығы туралы» жаңа кодексте екпе қабылдамаған балалар мектеп пен балабақшаға жіберілмейтіні туралы жазылған. Бірақ бұл заңға қарсы шығып жатқан ата-аналардың қатары көп.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан