Жалған іссапарлар ресімдеген: Павлодар облысында ақша жымқырған шенеуніктер сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар екі жыл ішінде жалған іссапарларға 8,9 млн теңге жұмсаған

Фотог: ашық дереккөзден

Павлодар облысында шенеуніктер ақша жымқырғаны үшін сотталды. Істі Павлодар қаласының №2 соты қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық сәулет басқармасы мемлекеттік қызметкерлерінің кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, тиісті құжаттармен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденген.

Сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті бірнеше рет ірі мөлшерде ысырап еткені үшін ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2), 3) - тармақтарына сәйкес бюджет қаражатын жымқыру бойынша басқарма басшысы, әкімшілік бөлімінің басшысы, бас маман, бөлім басшысының міндетін атқарушы сотталды.

Сонымен қатар, тағы бір павлодарлық Қылмыстық кодекстің 364-бабы 1-бөлігі бойынша кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін сотталды.

«2018 жылдың шілдесінде үш мемлекеттік қызметші 1,6 млн теңге көлемінде кең форматты сканер сатып алуға бөлінген мемлекеттік бюджеттен ақша жымқырған. Олар 2019 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде жалған іссапарлар ресімдеп, 8,9 млн теңге жұмсаған», – деп хабарлады облыстық сотта.

Басқарманың бас маманы ЖШС құрған және өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан, сол арқылы кәсіпорынға заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар берген.

Прокурор әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындауды, ал жәбірленушінің өкілі оларды бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Облыстық сот заң бойынша жасалған іс үшін айыппұл немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза көзделгенін атап өтті.

Кінәні толық мойындауды және залалды ішінара өтеуді, сондай- ақ ауырлататын мән-жайларды - ҚР мемлекеттік қызметшісінің антын бұзуды ескере отырып, сот ведомство басшысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, оның қарамағындағы үш адамға 2 жыл 6 айдан әрқайсысына бас бостандығынан айыруды тағайындады. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

Әкімшілік бөлімінің басшысының кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеу бес жылға кейінге қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.