Түркістан облысындағы ауыл тұрғындары Өзбекстанның қоқыс полигонынан зардап шегіп отыр
Қоқыс алаңы Ташкент қаласынан 17 шақырым жерде орналасқан
Түркістан облысында шекаралық аймақта орналасқан Алпамыс батыр мен Көктерек ауылдарының халқы 24.kz тілшілеріне шағымданды. Себебі, шекараның арғы бетінде - Өзбекстанның күл-қоқыс тастайтын полигоны орналасқан. Ол жерде күнделікті қалдықтар өртеледі. Одан шыққан түтінді жел айдап келіп жатыр. Тұрғындар жергілікті билікке талай рет айтып, шағымданған екен. Тіпті, мәселені бұған дейін екі мемлекет өкілдері өзара келіссөз жүргізіп шешпек болған. Алайда проблема сол күйінде қалып отыр. Салдарынан жергілікті жұрт түрлі ауруға шалдыға бастаған.
«Ауылдың үстін түтін тұмшалайды. Міне, соңғы екі күн таза болып тұр. Біраз уақыттан соң бұл қайта басталады», - дейді Алпамыс батыр ауылының тұрғыны Галина Хамидулина.
Түтін ауыл тұрғындарының денсаулығына да кері әсерін тигізе бастағанын дәрігерлер де растап отыр. Соңғы кездері жергілікті амбулаторияға жүгінетіндер көбейген. Олардың дені жүрек және тыныс алу органдарына қатысты жиі шағымданады екен.
«Диспансерлік есепте тұратын ауруларымыз бар. Тыныс жолымен, қан қысымымен тұрады. Инсульт алғандар бар. Олардың денсаулығына түтін қатты әсер етіп, ауруларын қоздыруда», - дейді медициналық амбулаторияның дәрігері Тасболат Кәрімов.
Қоқыс алаңы Ташкенттен 17 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерге тұрмыс қалдықтары Өзбекстан астанасының 4 ауданы және қала маңайындағы бір ауданнан әкелінетін көрінеді.
Мәселені 2019 жылы шешпек болып, Келес ауданың әкімі және облыстық мәслихаттың депутаттарынан құрылған арнайы делегация Өзбекстанға барған. Анықталғандай, қоқыс полигоны жекенің қолында болып шыққан.
«Қоқыс өңдейтін зауыт қажет екен. Біз барған кезде 2021 жылдың соңында бітеді деген. Күн қатты қызған кезде тұтанған қоқысты өшіру үшін су шығарып қойған екен. Сонымен өшіріп отырмыз деп барлығын көрсетті. Зауыттың фундаменті құйылған», - дейді Келес ауданы әкімінің орынбасары Серік Қарақұлов.
Биыл сәуір айында бұл мәселе қос елдің де Үкіметі деңгейінде көтерілген. Қоқыс алаңын басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданған көрінеді. Енді Түркістан облысының жауапты өкілдері жағдайды көзбен көру үшін тағы бір мәрте барып көрмек.