Қазақстандық цифрландыру тәжірибесі өзге елдерге үлгі бола ала ма?
Цифрландыру саласында Қазақстанның көршілеріне «ақыл айтуға» әлеуеті жеткілікті
Орта Азия мемлекеттері өзара әріптестікті нығайтып, цифрландыру ұсынатын мүмкіндіктерді барынша пайдалану үшін 6 миллиард доллар шамасында қаражат бөлуі қажет деген пікір де айтылған болатын. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, халықты интернетпен қамтамасыз етуді он пайызға арттырған жағдайда, экономика кем дегенде бір пайызға өсім көрсетеді. Ал интернетпен жабдықтау деңгейі бар болғаны бір пайызға арттырған жағдайда экспорттың 4,3%-ға ұлғаюын күтуге болады.
Орта Азия цифрландыру саласында әлеуеті мол болғанымен, нарығы енді қалыптасып келе жатқан Еуропаның бірқатар елдерінен қалыс келеді. Цифрлану деңгейі бойынша Орта Азияның бес елі бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Айта кетерлігі, Орта Азия халқының жартысына жуығы интернетті пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Дүниежүзілік банктың статистикасына сәйкес, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанда халықтың интернетпен қамтылу деңгейі әлемдік орташа көрсеткіштен төмен – 54%. Ал жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылу жағынан тек Қазақстанның ғана көрсеткіші (13,44%) әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары (13,26%).
Деректерге сәйкес, интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан көш бастап тұр (секундына 58,35 Мбит), ал әлемдік рейтингте 67-орынға жайғасқан. Бұл орайда Түркменстанның көрсеткіші ең төменгілердің бірі – секундына 4,19 Мбит.
Төменде Қазақстан және оның көршілес елдерінде осы саладағы атқарылған жұмыстар талдайық.
Өңірдегі интернет жылдамдығы ең жоғары Қазақстан (Еуропаның бірқатар елдерінен де алда – авт.) цифрландырудың пайдасын түсінген алғашқы ел. 2017 жылы үкімет экономика мен жалпы қоғамды цифрландыруға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске қосқан болатын. Мемлекеттік бағдарлама 2022 жылға дейін жүзеге асады деп жоспарланған. Атқарылатын жұмыстар 5 негізгі бағытта жүзеге асады: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке өту», «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту» және «Инновациялық экожүйені құру».
Осы орайда, мамыр айында өткен ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің есеп беру жиынында соңғы деректер айтылды. Министрдің айтуынша, коронавирус пандемиясы елдегі цифрландыру қарқынын арттырды. Халыққа көрсетілетін қызметтердің едәуір бөлігі цифрлық форматқа ауысып, EGov порталының ұсынатын қызметтер тізімі де артты. 2020 жылдың нәтижесі бойынша, елдегі байланыс саласы 8,6% өсім көрсеткен (880 млрд теңге). 5 214 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілсе, 1 200 ауылда интернет жылдамдығы бойынша әлі де сұрақтар бар. Биыл сапаны жақсартуға бағытталған біраз жұмыс атқарылып жатқандығын да айтты министр.
Айта кетерлігі, бұдан былай интернеттің төмен сапасы үшін байланыс операторларына салынатын айыппұл көлемі ұлғайтылатын болады. Шенеунік интернеттің сапасымен қанағаттанбайтын азаматтар министрлікке, аймақтық байланыс инспекцияларына және әкімдіктерге шағым жасай алатындығын да ескертті.
«Біздің алдымызда 100 мың кәсіби IT маманды дайындауға бағытталған ауқымды міндет тұр. Бұған қалай қол жеткізбекпіз? Ең біріншіден, біз IТ университетін, әлемдік деңгейдегі екі мектеп аштық. Бұл жұмыстың аясын әлі кеңейтетін боламыз, мен айтқан мектептер («Әлем» секілді – авт.) еліміздің басқа аймақтарында ашылатын болады. Ондай типтегі бес мектепті ашпақ жоспарымыз бар. Биыл бес университеттің IT факультеттерін бизнес компаниялар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы алыптардың жетекшілігіне беретін боламыз», - деді министр.
Көрші елдердегі жағдай қалай?
Аймақтағы халқының саны ең көп Өзбекстанда аталмыш салада үлкен жылжу бар. Олай дейтініміз, 2019 бен 2020 жылдар аралығында Өзбекстан өзінің цифрлық байланыс инфрақұрылымын екі есеге ұлғайтып, ол бойынша жұмысын әлі жалғастыруда. Ел үкіметі мобильді байланыс мұнараларының құрылысына қажет рұқсат алу рәсімін едәуір жеңілдетті. Сонымен қатар, үш мемлекеттік телекоммуникациялық провайдерлер қытайлық алып Huawei компаниясымен 5G желісін орнату бойынша әріптестік орнатты.
2020 жылдың қазан айында Шавкат Мирзиеев «Цифрлық Өзбекстан – 2030» стратегиялық құжатының жарлығына қол қойды. Байқасаңыз, көрші мемлекет Қазақстанның тәжірибесіне сүйенуде.
Аталған бастама ең бірінші кезекте барлық мемлекеттік төлем, баж, салық және айыппұлдарды төлеу рәсімін цифрлық форматқа ауыстыруға бағытталған. Ауыстыру жұмыстары 2021 жылдың 1 тамызына дейін толық аяқталуы керек. Бағдарлама аясында мемлекеттік органдар мен коммерциялық құрылымдар арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту да қарастырылған.
Алайда, Орта Азияның өзге үш елі Қазақстан мен Өзбекстанқа қарағанда бұл салада едәуір кенже қалған. Мысалы, Түрікменстан жеке индустрия мен ақпараттық технологияны құптамайтын автократиялық саяси жүйе болғандықтан интернетпен халқын қамтамасыз ету бойынша ең төменгі деңгейде.
Қырғызстандағы жағдай да мәз емес. Сәуір айында елдің цифрлық трансформация басқармасы Қырғызстандағы «цифрландыру қарқыны өте баяу» екенін, ал атқарылып жатқан жұмыс «көңіл көншітпейтінін» мойындаған.
Экономикасы сырттан келіп түсетін ақша аударымдарына аса тәуелді Тәжікстан да бұл салада қиындықтарға тап болуда. 2019 жылғы деректерге сәйкес, үй шаруашылықтарының бір пайызға да жетпейтін бөлігі ғана жылдам интернетпен қамтылса, тек әрбір үшіншісінің ғана мобильді интернетті пайдалануға мүмкіндігі болғаны анықталған. Халықтың басым бөлігі үшін интернет әлі күнге дейін қымбатқа соғады. Бұл әсіресе халықтың 70 пайызы тұратын ауылдық мекендерде қатты сезіледі.
Бұл салада Қазақстан аймақ үшін трендсеттер, яғни үлгі көрсете алады деп айтуға болады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын орындау нәтижесінде 2021 жылы интернет қолданушы қазақстандықтардың үлесі 81%-ды, ал халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 81,5%-ды құраған. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылған барлық іс-шаралар мен жобалар мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруды, халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді, білім және денсаулық сапасын, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуды, еңбек өнімділігі мен ІЖӨ құрылымында кіші және орта бизнестің үлесін артыруды көздейді.
Мұса Бағдат, Нұр-Сұлтан