Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандар алаңдауға негіз бола алатын дәйектер келтіруде

Фото ашық дереккөзден

Ондаған жыл бойы булану мен судың ауылшаруашылық мақсатында қолданылуы салдарынан Балқаш көліне кеуіп кету қаупі бар деп жазады Circle of Blue басылымы. Басылымның айтуынша, 2021 жылы 3 миллионнан астам адам гидрологиялық қасіреттің салдарын сезінетін болады: Орта Азиядағы ең үлкен көлде су азайып, оның орнында құр ландшафт, яғни құрғақ жер қалуы мүмкін.

Шаңды желімен және ыстық климатымен ерекшеленетін Қазақстанның оңтүстік-шығысының тіршілігі Балқаш көлі мен оған құятын жеті өзенге тікелей байланысты. Балқаштың шығыстан батысқа дейінгі ұзындығы 650 километрге созылып жатыр, және бұл көелімжағынан әлемдегі 15-ші көл болып есептеледі. Көлдегі ахуалдың ушығуы – келетін ағындардың азаюының салдары дейді басылым. Балқашқа құятын судың төрттен үші Іле өзенінің еншісінде.

Қытайдың солтүстік-батысынан келіп құятын Іле ағысының өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап қарқыны бәсеңдей бастады, ал соңғы 20 жылдың ішінде Қытайда Іле бойында ауылшаруашылық және егін жинау мақсатында пайдаланылатын жер көлемі 30 пайызға кеңейді. Күріш өндірісін арттыру жоспары Балқаш көлінің су деңгейінің төмендеуіне әкелді. Сонымен қатар, қысқа мерзімнің ішінде аймақтағы мұздықтардың еруі жылдамдай түсу ықтималдығы жоғары. Осының барлығы су саласында жетік және шұғыл менеджменттің қажеттігін көрсетеді.

Басылымның жазуынша, бұл мәселені шешуде кедергі жетіп артылады. Суды тиімді пайдаланатын ирригациялық жүйелердің жетіспеушілігі су балансы проблемасын ушықтырады (Қазақстанда және солтүстік Қытайда дамып жатқан тау-кен өнеркәсібінің әсеріндей – авт.).

«Балқаш тау-кен металлургия комбинаты жыл сайын шамамен 600 мың тонна өндірістік қалдықтарды, оның ішінде қорғасын, мырыш және мысты сыртқы ортаға тастайды. Іле өзенінің трансшекаралық ерекшелігі салдарынан судың ластануын болдырмау және ластану туралы мәліметтерді жинау қиынға соғады», - дейді Caspian Policy Center зерттеу орталығының сарапшысы Кристиан Торсберг.

«Балқаш көлінің жойылуы – биоалуандылықтың да жойылуы деген сөз. Бұл бассейнде өсімдіктердің 60-тан астам түрі, жойылу қаупі төнген 12 құс және басқа жерде кездеспейтін балықтың 6 түрі бар. Көлдің шығыс бөлігі тұзды және батыс жағалауы тіршілік ету ортасына айналған тұщы сулы болғандықтан, ұзақ уақыт бейімделіп, тіршілік етіп жатқан фауна өкілдері адам әрекеті салдарынан бұзылып жатқан ортада зиян шегуде», - дейді автор.

Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан және бір кездері әлемдегі көлемі жағынан төртінші көл болған Арал теңізі 1960-жылдардан кебуі басталып, 2010-жылдары едәуір бөлігі жоқ болып кетті. Шөлдегі мақтаны суару мақсатында суды ауқымды пайдалану және химиялық ластану аталған экожүйенің құлдырауына алып келді.

«Сарапшылар Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталайды деп алаңдайды», - деп қорытындылады басылым.