Қазақстанда LinkedIn әлеуметтік желісінің жұмысы тоқтатылды
Министрлік себебін түсіндірді
Елімізде іскерлік байланыс нөмірлерді іздеу мен орнатуға арналған LinkedIn әлеуметтік желісінің жұмысы тоқтатылды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі LinkedIn әлеуметтік желісі жұмысының тоқтатылуын интернет ресурсы тарапынан орын алған тәртіп бұзушылықпен түсіндірді.
«LinkedIn интернет ресурсына мониторинг жүргізу барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, интернет-казиноны жарнамалау және біреулердің атынан жалған аккаунттар ашу. Аталған заңбұзушылықтар Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптары мен қатар LinkedIn интернет ресурсының ішкі ережелеріне де қайшы келеді», - делінген аталған ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, LinkedIn желісін қолданушыларға арналған келісімде интернет ресурста жарияланатын ақпарат заңды әрі рас болуы тиіс және ол үшінші жақтың құқығына қайшы келмеуі керек.
Сондай-ақ, аталған әлеуметтік желі ережесіне сәйкес, қолданушыларды шатастырып, жалған ақпарат таратуға және құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынады.
«Осы орайда министрлік ҚР «Байланыс» туралы» заңының 41-1 бабының 3-1 тармағына сәйкес, заңбұзушылықтың орын алғанын анықтап, LinkedIn интернет ресурсының әкімшілігіне аталған олқылықты жою туралы хабарлама жіберді. Өкінішке қарай, желі әкімшілігі тарапынан заңбұзушылық әлі күнге дейін жойылған жоқ» - делінген ақпаратта.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз кезегінде LinkedIn желісін қолданудағы заңбұзушылық жойылып, қалпына келген жағдайда оның жұмысы елімізде жалғаса беретінін алға тартты.