Павлодарда 500-ден астам студент басқа оқу орнына ауысуға қарсы

Автор: Azattyq Rýhy

Студенттер басқа оқу орындарында оқу ақысы тым қымбат екенін айтады

көрнекі фото: ineu.edu.kz

Павлодарда 500-ден астам студент басқа оқу орнына ауысуға қарсы. Бұған университеттің басқа бағытта мамандар даярлауға көшуі себеп болған. Жаңа оқу жылынан бастап, олар тек техникалық мамандық иелерін ғана оқытпақ. Ал педагогикалық мамандықты таңдаған студенттер басқа университетке баруға қарсы. Себебі, студенттер басқа оқу орындарында оқу ақысы тым қымбат екенін айтады, деп хабарлайды AstanaTV тілшісі. 

«Жылына 339 мың төлеймін. Басқа университетте 500 мыңдай төлеу керек болады. Айырмашылық - 200 мыңдай. Сосын бірінші екінші курста болмаған пәндердің де ақшасын тоже біз төлеуіміз керек. Бір пәннің өзі 70 мыңдай. Шамамен бір жылда 14 пән деп есептесек, жылына миллио теңгеге жуық ақша», - дейді студент Арманай Ғабдулова.

Студенттердің болашағына олардың ата-анасы да алаңдайды. Олар оқу ақысын төлеуге шамасы келмейтінін айтады.

«Біз бұған дейін де «Студенттерді басқа университетке ауыстыру туралы құжаттарыңыз бар ма?» деп сұрадық. Ешқандай құжат көрсетпеді. Бар айтқаны - Павлодар педагогикалық универсиетімен келісім шарт жасалған. Оқу ақысы сақталатынын айтады. Алайда, ешқандай құжат көрсете алмады, тек ауызша уәде береді. Қазіргі заманда ауызша уәдеге кім сенеді. Біз балаларымыздың болашағы үшін алаңдап отырмыз», - дейді Дина Смақова есімді ата-ана.  

Ал, ЖОО ректоры Анастасия Алиясова ешбір студент далада қалмайтынына сендірді. Ректор студенттердің басқа оқу орнына ауысына еш кедергі жоқ екенін айтты. Ал тәлімгерлердің орта жолда басқа ЖОО-ға ауыуына Білім министрлігінің жоғары оқу орындарын бір салаға бағыттауы себеп болған.

«Педагогикалық университет біздің студенттерді қабылдауға әзір. Еш проблема болмайды. Студент қай курсты аяқтаса, сол курсты жалғастырады. Оқу ақысы, академиялық пән айырмашылықтары сақталады. Сондықтан, бұл жерде аса күрделі дүние жоқ. Бірақ студенттер мен ата-аналар алаңдаулы. Өйткені, әр университеттің өз талабы мен тәртібі барын айтады. Ал басқа жоғары оқу орнына ауыспаса, оқудан шығып қалады», - дейді ректор.