$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.07.2021, 11:19
Қоғам

ШҚО-ның бірнеше ауылында масаның көптігінен халық малға жем-шөп жинай алмай отыр

Тұрғындар күні бойы қалың киініп, басына тор орап жүреді

ШҚО-ның бірнеше ауылында масаның көптігінен халық малға жем-шөп жинай алмай отыр

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Қалжыр және Боран елдімекендерінің тұрғындары масадан зардап шегіп жатыр. Жаз басталса ауыл адамдары осы жәндіктен қорғайтын арнайы бетпердемен тұмшаланып жүреді. Олардың айтуынша, биыл маса мен шыбын-шіркей өткен жылға қарағанда әлдеқайда көп.

Еліміздің батысында жем-шөптің болмауынан мал аштан қырылып жатса, шығыста шаруалар жем-шөпті жинай алмай әбіржіп жатыр. Өйткені егістік алқабында еркін жүруге еш мүмкіндік жоқ.

«Жаз басталса маса-шіркей мазамызды қашырды. Бүкіл ауыл халқы не істерін білмей отыр. Басқа өңірдің масасымен салыстырғанда біздікі ірілеу. Сондықтан болса керек, шаққан жері бөртіп, қышып, ісініп кетеді. Масадан қорғайтын неше түрлі жақпа майларға сылансақ та, еш нәтиже бермейді. Шілденің шіліңгір ыстығында қалың киініп, сеткамен басымызды орап жүреміз. Бұл әсіресе малшылар мен егіншілерге қиын болды. Мал азығын жинауға айтарлықтай кедергі келтіруде», - дейді ауыл тұрғыны Еркін Нұрышев.

Оның айтуынша, маса ыстықта өршіп, салқында саябырлай қалатын көрінеді. Десе де, тұрғындар жергілікті әкімдіктің сылбыр жұмысын сынға алуда. Себебі арнайы мамандардың жүргізген жұмыстары нәтиже бермепті.

Күршім аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мамандары да қол қусырып қарап отырған жоқпыз дейді. Аудандық бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп, улау жұмыстары жүргізіле бастаған. Алғашқысы маусым айының басында жасалған екен.

«Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, былтырдан бастап бұл мақсатта жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни, тікұшақтың көмегімен улау жұмыстарын жүргіздік. «Жұмысты Зайсан дезинфекциялық станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі конкурс аясында ұтып алған. Қазір келісімшарт бойынша жұмыс жалғасуда», - дейді Күршім ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов.

Әкімдік қанша жерден жұмыс жүргізіп жатырмыз дегенімен, ауылда маса азаймай тұр. Жаздың демалысын далада өткізуі тиіс балалар күні бойы үйден шыға алмай отырады.

«Маса мен шіркей жыл сайын болады ғой, бірақ биыл ерекше көп, күнделікті тұрмысқа айтарлықтай зиянын келтіріп жатыр. Бұрын қаладан немере-шөберелеріміз келіп тұратын. Қалжыр өзенінің бойына суға түсетін. Қазір масаның кесірінен ауылға аттап баспайды. Себебі, келсе үйден шыға алмай отырады. Жергілікті билік не улап жатқанын білмейміз, маса азаймай тұр», - дейді Бақытжамал Сайболатова есімді зейнеткер.

Жергілікті тұрғындардың пайымдауынша, мамандар масаны түнде улауы керек. Күндізгі жұмыстар аса нәтиже бермейді дейді олар.

«Мамандар масаға қарсы дәріні күндіз шашады. Маса күндіз ұясына көп қонбайды. Сондықтан түнде шашу керек. Осыған дейін қанша шашса да, әлі нәтижесін бермей келеді. Азаюдың орнына керісінше, тым көбейіп барады. Бел жазып жұмыс істей алмай отырмыз», - дейді ауыл тұрғыны Ержан Ақанов.

Зайсан ауданы дезинфекциялау станциясының бас маманы Бибігүл Батырханованың айтуынша, масаларды улау ерте көктемде басталады. Сол кезде жәндікке қарсы дәрінің дозасын көбейтіп, оның ұялайтын жеріне шашу керек.

«Мына шалшық суларға дәрінің дозасын көбейтіп шашу керек. Жұмыртқаларын сол кезде жоюға болады. Алайда, ауылдың маңына, адамдар мен мал жүретін жерде дәріні көп себе алмаймыз, халыққа зияны тиіп кетуі мүмкін», - дейді Бибігүл Батырханова.

Шілденің басында Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров жұмыс сапарымен Күршім ауданы Қалжыр ауылдық округіне келген болатын. Жағдайды көзбен көрген депутат шошынғанын жасырмай айтып, шұғыл шара көру керектігін өзінің Facebook-парақшасында жазған болатын.

«Қалжыр ауылдарында масаның көптігі сонша, тек қана арнайы сетка киіп жүрмесе болмайды. Масаны уландыру жұмысы ештеңе шешпей отыр. Уландыру процесі жолға қойылған, оқтын-оқтын жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. Бірақ, маса азайар емес. Менің ойымша, бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін масаның табиғи ошақтарын тауып, сол ошақтарды жою керек. Ал ол үшін осы жақта кешенді ғылыми зерттеулер қажет. Экология, Ауылшаруашылық, Денсаулық сақтау министрліктері біріге отырып, жұмыс тобын құрып, Қалжыр өңіріне арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастыру өте өзекті! Бұл мәселемен тыңғылықты айналысатын боламыз», - деген еді Ерлан Сайыров.

Айта кетейік, маса-шіркей ауданға қарасты Боран, Қалжыр ауылдарынан тыс Марқакөл және Күршім ауылдарында да көбейген.

Қалжырда масадан бөлек те проблема жеткілікті. Көктемнен бері мұнда жаңбыр жаумаған. Егіншілер қуаңшылықтың құрығына іліне бастапты.

«Көктемнен бері жерге тамшы тамбады. Бөгетке жиналған сумен егістік суарып, күн көріп отырмыз. Қалжыр ауылында дамба бар. Бірақ дамбаның бірнеше жерінен су қашып жатыр. Жауапты мамандар жөндеу жұмыстарын бастады. Бірақ егістікке апаратын су арналарын тазартпайды. Іші шөп-шалаң, қоқысқа толды. Әйтпесе Қалжыр ауылындағы су барлығына жетеді. Тек жауапты мекеме бөгеттерге күтім жұмыстарын уақытымен жасаса дейміз. Бәріміз егін егіп, күн көргіміз келеді. Қазір ауылдан халық та көше бастады», - дейді ауыл тұрғындары.

Айта кетейік, биыл еліміздің солтүстік өңірлерінде де халық масадан зардап шекті. Қансорғыш жәндіктің көптігінен үй жануарлары да өле бастаған.

Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#ШҚО #маса