ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

COVID-19: Нұр-Сұлтанда 230 адам реанимацияда жатыр

Олардың ешқайсысы вакцина салдырмаған

astana.gov.kz

Елорда бойынша COVID-19 жұқтырған 47 пациент ӨЖЖ аппараттарына қосылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бүгінде бізде реанимацияда 230 пациент бар. Оның ішінде 47 пациент өкпені инвазивті желдетуде. Бұл – ең ауыр халдегі науқастар. Олардың арасында вакцинацияланған пациенттер жоқ», - деп хабарлады Тимур Мұратов елорда әкімдігінің онлайн-брифингінде.

Ол қала бойынша вакцинаның бірінші компонентін 320 мыңнан астам адам алғанын, 200 мың адам иммундау курсын аяқтағанын атап өтті.

«Мен вакцинацияның толық ұжымдық иммунитет қалыптасқан кезде тиімді екенін тағы бір рет айтқым келеді. Яғни, біз халықтың 60 пайызын вакцинацияласақ, яғни 650 мыңнан астам екпе қабылдаса, онда біз бәріміз қауіпсіз өмір сүреміз», - деді ол.

15 шілдеде елордада 201 науқас реанимацияда жатыр деп хабарланған болатын.

Сондай-ақ, Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұр-Сұлтандағы COVID-19 ауруының күрт өсуін астаналықтардың Бурабайға жаппай демалуы мақсатында баруымен байланыстырды.