«Балағаттап, қорлады»: Алматы облысындағы шенді полицейдің дауысы жазылған аудиоматериал тарады
Кадр сыртындағы дауыстың кімге тиесілі екені тексеріліп жатыр
Алматы облысында полиция полковнигінің үстінен қызметтік тексеру басталды. Еңбекшіқазақ аудандық Полиция басқармасының бастығы Жақсылық Алтынбаев қоластындағы қызметкерлерді балағаттап, қорлаған деген күдікке ілінді.
Әлеуметтік желілерде Ж.Алтынбаевтың дауысы жазылған аудиоматериал тарап жатыр. Онда шенді полицей бұрын өзінің қалай жұмыс істегенін, бастықтарының тапсырмаларын қалай орындағанын, бұйырқты орындау мақсатында қой таратуға дейін барғанын әріптестерінің алдында айтады. Алайда, «жол көрсеткен» бастықтарының сөзін полиция қызметкерлері диктофонға жазып алып, көпшілікке таратып жіберген. Енді аталған жағдайға қатысты тексеру жүргізілмек.
«Алматы облысы полиция департаменті бұл жарияланған материал бойынша талдау өткізгені жайында хабарлайды. Осыған байланысты, Алматы облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы аудиожазбадағы дауыс иесін анықтау үшін фоноскопиялық сараптама тағайындап, қызметтік тексеруді бастады. Сонымен қатар, лауазымды тұлғаның жарияланған фотосуреті апта сайын бөлімше басшылығымен өткізілетін тікелей эфирлердің Instagram контентінен алынғанын хабарлаймыз.Тексеру нәтижелері бойынша лауазымды тұлғаның іс-әрекеттеріне заңды түрде баға берілетін болады», -деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қызметтік тексеру шеңберінде Еңбекшіқазақ ауданының ІІБ барлық жеке құрамы да аталған жағдайға қатысты түсініктеме береді. Бұдан бөлек, бөлімшедегі моральдық-психологиялық ахуалды бағалау мақсатында жасырын сауалнама да жүргізілмек.
ЕСКЕРТУ: видеороликте бейәдеп сөздер кездеседі