Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады
2019 жылдың желтоқсан айынан бастап мемлекеттік кірістер комитеті автокөлік иелеріне салықтық қарызы туралы SMS хабарламалар жібере бастады. Аталған хатта бір жыл төленетін салықтың сомасы көрсетілген. Алайда комитеттің «Интеграцияланған деректер базасы» ақпараттық жүйесінен осындай хаттар қарызын төлеп қойған азаматтарға да жіберілген. Ал, комитеттің баспасөз қызметі салығын төлеп қойғандар үшін SMS хабарламаларға алаңдаудың қажеті жоқтығын хабарлады. Бұл банктердің мобильді қосымшаларынан келетін PUSH-хабарламаларға да байланысты.
«Бұл ретте SMS және PUSH-хабарламаларындағы көлік құралдарына салынатын салық сомалары салықтық берешек болып табылмайтынын хабарлаймыз. Сондықтан, аталған көлік құралдарына салынатын салық сомасы Мемлекеттік кірістер комитеті порталының «Мемлекеттік органдарға қарызының жоқ немесе бар екендігі туралы» сервисінде көрінбейді», - делінген МКК хатында.
Еске салайық, салықтық берешектің бар-жоқтығы туралы ақпаратты www.kgd.gov.kz ресми сайтының «Салық берешегінің болуы/болмауы туралы мәліметтер» бөлімінде тексеруге болады. Салық төлеуші ол үшін өзінің ЖСН-ін енгізіп, өзінің салық берешегі туралы деректеріне қол жеткізе алады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан