Сайлау:Ақмола облысында сайлаушылардың 59% дауыс берді

Өрескел заң бұзғаны үшін жұмыстан қуылған Шиелі аудандық сотының экс-төрағасы жаңа қызметке тағайындалды

Ол енді Түркістан облысында жұмыс істейді

Қол астындағы қызметкері «қырындады» деп шағымданған Шиелі аудандық сотының бұрынғы төрағасы Марат Күздеубаев биыл наурызда қызметінен босатылған еді. Ол судья келіншекке қырындап қана қоймай, сол судьяның кабинетіне заңсыз кіріп, сот шешімдерін өздігімен өзгерткені де анықталған болатын. Қызметінен осылайша шумен кеткен Күздеубаев жұмыссыз көп отырған жоқ, ол Президенттің жарлығымен Түркістан облысында аудандық соттың судьясы болып тағайындалды.

Атышулы судьяны Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Жеңіс Мақұлбаев жетісайлық әріптестеріне таныстырған.

«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған аудандық соттың судьясы Марат Орманбекұлы Күздеубаевты ұжым мен жергілікті активке таныстырды. Жеңіс Тіллабайұлы таныстыру барысында М.Күздеубаевты жаңа қызметімен құттықтап, оған қызметтік міндеттерін жоғары деңгейде атқарып, өңір тұрғындарының сот жүйесіне деген сенімін арттыра түсу жолында жетістіктер тіледі», - делінген Түркістан облыстық сотының баспсөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қызылорда облысындағы лауазымды қызметтен босатылса да, аз уақытта өз орнын тауып үлгерген судьяны Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек, аудан прокурорының м.а. З.Зұлпыхаров пен орынбасары М.Ералиев, аудандық полиция бөлімінің бастығының м.а. Қ.Құлмырзаев, анықтау бөлімінің бастығы А.Мусырманқұлов сынды шенділер құттықтап, жаңа судьяға сәттілік тіледі.

Ал сот төрағасының орнынан кетуіне себепкер болған Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбай мен оның хатшысы Еңлік Қыдыралиеваның үстінен қылмыстық іс бойынша сот басталды. Оларға лауазымын асыра пайдаланған деген айып тағылған.