Бұл вирусты тоқтатуға кедергі келтіреді дейді ол
Маусымның айының соңында өткен Үкіметтің онлайн-отырысында премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанда міндетті вакциналауды қызмет көрсету, білім беру салаларында енгізу қажет екенін айтты. Бұл шараның мақсаты – елдегі екпе егу кампаниясын күшейту, толық компонентті қабылдаған азаматтар санын арттыру. Осы орайда америкалық Eurasinet басылымындағы мақаласында автор Джоанна Лиллис елдегі жалған паспорт сату қызметін ұсынатын көлеңкелі нарықтың өркендеп жатқанын айтады.
Автордың сөзінше, коронавирустың жаңа дельта нұсқасының жайылуы, елдегі жемқорлық пен екпеге қатысты конспирологиялық теориялардың көбейіп, халықтың сенімінің төмендеуі – елдегі денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстың қадірін кетіруде. Қазақстанда ресейлік және қытайлық вакциналар, сондай-ақ елде әзірленген вакцина түрлері ұсынылған, бірақ халық сенімінің төмен болуы жалған вакциналау паспорттарының көлеңкелі нарығының өркендеуіне түрткі болып отыр дейді автор.
Мысал ретінде мақала авторы өзінің вакцинация паспортын сатып алған әйелдің әңгімесін келтірген. Жұмысы вакцина алуды міндеттеген әйел өзінің вакцина салдыру процедурасын арнайы қолдан ұйымдастырып, медбикемен келіскен. Ол үшін әйел емханаға барып, вакцинаны ағзасына енгізбей, бірақ вакцина қабылдаған түр жасайды.
«Мен емдеу бөлмесіне кірдім. Олар жай ғана екпе салғандай кейіп танытты, бірақ ішіндегі сұйықтықты шелекке төгіп тастады. Содан кейін мен вакцинадан кейінгі дәрігер қарауында отыру талабына сәйкес сонда аздап кідірдім», - деді ол.
Бұл кейіпкер вакцинасының екінші жалған дозасын қайталап, қызмет үшін 20 мың теңге төлеген. Осындай қызмет үшін 5 мың теңге төлеген адамдар да бар делінген аталған мақалада.
Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан үкіметі халыққа қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін азаматтар үшін (мемлекеттік мекемелерден және дүкендерден бастап, демалыс орындарына дейін) - жұмыс орнына кірмес бұрын екпе туралы куәліктерін көрсетуді талап ететін жаңа ережелер енгізді.
2 шілде күні жарияланған мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күнге дейін Қазақстан азаматтарының тек 17,9 пайызы ғана бірінші дозаны алған, ал 10,7 пайызы – екі компоненттің де дозасын қабылдады.
«Жақында Vlast.kz басылымы хабарлағандай, егер елдегі екпе егу қазіргідей қарқынмен жалғаса беретін болса, үкіметтің 10 миллион азаматқа екпе егу бойынша биыл қыркүйекке дейін орындалмайды, ол 2022 жылдың ортасына дейін созылып кетуі әбден ықтимал», - дейді мақала авторы.
Денсаулық сақтау саласының мамандары вакциналауда алаяқтықтың кең таралуы вирусты тоқтатуды қиындатып қана қоймай, елде шынайы екпені салдырған адамдар санын білуге мүмкіндік бермейді дейді.
Еске салайық, жалған вакцина паспортын жасау – ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыс боп саналады.