Астана күні қарсаңында Алматы облысында жүздеген отбасы баспаналы болды
Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар да ашылды
Астана күніне орай Алматы облысында 200 отбасы баспаналы болды. Қоныс тойын облыс орталығында ғана емес, Қапшағай қаласында, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында атап өтті.
Талдықорған қаласында көптен күткен 55 отбасы пәтер кілтін қолдарына алды. Жаңа қоныс иелерін осындай айтулы оқиғамен Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов құттықтады.
«Мемлекеттік бағдарламаларды табысты іске асырудың арқасында біздің тәуелсіз мемлекетімізде экономика нығайып, Инфрақұрылым жақсаруда, облыстың қалалары мен ауылдарының өмір сүру деңгейі мен келбетін едәуір жақсартатын жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар пайда болуда. 155 коттедждің құрылысына жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді, ал 55 пәтерді бүгін Астана күніне орай береміз. Баршаңызды мерекемен және қоныс тойымен шын жүректен құттықтаймын», - деді ол.
«Көктем» шағын ауданында бес қабатты үй «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынды. Үйдегі пәтерлердің жалпы саны – 55, оның ішінде 15 – бір бөлмелі, 15 – екі бөлмелі, 20 – үш бөлмелі, 5 – төрт бөлмелі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтерлерге ие болды.
«Міне, көптен күткен күн келді. Бүгін біз өзіміздің екі бөлмелі пәтерімізге ие болдық. Біз бұл сәтті ұзақ күттік. Бұл үй біз үшін, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ең үздік сыйлық деп санаймын», - деді тұрғын Мұратбек Балтабеков.
Сондай-ақ, Астана күнін мерекелеу қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында 30 отбасы пәтер кілттеріне ие болды. Пәтер иелері қатарында жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері бар. Екінші шағын ауданда орналасқан Жаңа 30 пәтерлі үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Тұрғын үй жанында барлық әлеуметтік қажетті нысандар бар.
Сондай-ақ, қапшағайлық 50 отбасы да қуанышқа кенеліп, үйлі болды. Бұдан бөлек Өтеген батыр ауылында 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Үйдің жанында балалар алаңы салынып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жылы тағы да көптен күткен қуаныш – Жамбыл ауданында дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуі, Іле ауданында мектептің және Текелі қаласында қонақ үй кешенінің ашылуы болды.
Екі заманауи амбулатория Елорда күні қарсаңында Жамбыл ауданында есігін айқара ашты. Енді Үңгіртас және Қарасу ауылдарының тұрғындарына ең жақсы медициналық қызметтер қол жетімді болады. Үңгіртас ауылының емханасында 58 ем-дом бөлмесі бар. Олардың арасында ересектер мен балаларға арналған қабылдау бөлмесі, стоматолог, гинеколог, терапевт кабинеті, зертхана, таңу, фельдшерлік, акушерлік пункттер және күндізгі стационар бар.
Сонымен қатар, Ащыбұлақ ауылдық округінде Елорда күніне орай 650 орындық «Montessori academy» жекеменшік мектебі ашылды. Бұл ауданда ашылған жетінші мектеп. Мұнда информатика, әдебиет, музыка кабинеттері, би залы және спорт залы бар. Мектепішілік өнерді дамыту басты мақсат болғандықтан, суретшілерге арналған жеке бөлме бар.
Айта кетейік, бұл оқу орнында балалар Монтессори әдістемесі бойынша білім алатын болады.