Малдың жаппай қырылуы бүкіл ел бойынша қайталануы мүмкін – М.Тайжан
Сарапшылар аталған проблемаға байланысты болжам жасады
Еліміздің Батыс өңірі мен Қызылорда облысын қуаңшылық қысып, мал жайылымы тарылды. Мәселе өңірлік емес, республикалық деңгейде шешілуі керек. Тіпті бұлай жалғаса беретін болса, төтенше жағдай жариялануы тиіс. Мұндай пікірді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Биыл көктемгі жауын-шашынның болмауына байланысты Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданында қатты құрғақшылық болды.
Саясаттанушы Мұхтар Тайжан қуаңшылық жайлаған өңірдегі ауылдардың қазіргі жағдайы мүшкіл екенін айтты.
«Мен кеше ғана ауылға барып, өте қорқынышты жағдайды көрдім. Ауылда апатты жағдай байқалады. Жайылымның жетіспей жатқаны аздай, оның үстіне ауылды құрғақшылық жайлаған. Маңғыстау мен Қызылордадағы малдың жаппай қырылуы бүкіл ел бойынша қайталануы мүмкін. Бұл ауыл тұрғындарының жағдайының күрт нашарлауына әкеледі. Бүкіл Қазақстан бойынша ет бағасы қымбаттайды. Біз өте үлкен қиындықтың алдында тұрмыз», - деп жазды қоғам белсендісі.
Мұхтар Тайжан биліктің әдетте түрлі салаға қомақты қаржы құятынын еске салып, қазір дәл мұндай көмекке ауыл тұрғындарының зәру екенін айтты.
«Елімізде төтенше жағдай жариялап, мал азығымен қамтамасыз ету жөніндегі Республикалық штаб құру қажет. Бұл шынымен де төтенше жағдай, ол қалаларда әлі сезілмейді, бірақ егер шұғыл шаралар қабылданбаса, бұл жағдай бізге де жетеді. Қажет болған кезде мемлекет банкирлерге, құрылысшыларға миллиард доллар беріп құтқарады, бірақ қазір ауылдың миллиондаған тұрғынын құтқару керек», - деп жазды Мұхтар Тайжан.
Үкімет бағаны реттеу механизмдерін іске қосуы керек
Алдымен картоп, артынша сәбізі қымбаттаған отандық азық-түлік нарығында енді ет пен сүт қымбаттауы мүмкін. Бұл ретте мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін айтып, мәселені бір ғана әкімдіктің немесе үкіметтің мойнына жүктеп қою тиімсіз деп санайды.
«Бұл жағдайдан шығудың амалын Үкімет, АШМ және әкімдіктер бірлесіп істеуі керек. Бұл ретте АШМ жергілікті органдармен және қоғам өкілдерімен ақылдасып, әрбір шаруа қожалығының мәселесіне сараптама жасай отырып, шешім қабылдауы тиіс. Пандемиядан кейнігі елді толғандырып отырған тағы бір мәселе – қуаңшылық. Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында мал азығының аздығы мен су тапшылығы мәселесі байқалып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін ең алдымен Үкімет реттеу механизмдерін қосуы керек. Яғни, қазір қуаңшылық болып жатқан аймақтарға малға азық жеткізу амалдарын мемлекеттік деңгейде қарастыру керек. Мұндай қуаңшылық кеңестік кезеңде де болған. Бірақ ол кезде облыстар, аудандар бір-бірлеріне көмектесіп отырып тығырықтан шыққан», - дейді Сайыров.
Саясаттанушы халықтың әлеуметтік өмірінде мемлекеттің рөлі артып келе жатқанына баса назар салды. Айуынша, ауылдағылардың мал-жанын сақтап қалу үшін мемлекеттік субсидияның көлемін арттыру қажет.
Экономист Сапарбай Жобаев та «Үкімет тарапынан беріліп жатқан субсидия батыстағы ет бағасының өсуіне жол бермеуі тиіс» деген пікірде.
«Батыс өңірде жарты немесе бір жылдан кейін ет өнімі азаюы мүмкін. Бірақ басқа өңірдегі ет өнімдерінің бағасын тұрақтылықта сақтап, аз-маз импорттасақ, баға шарықтамайды деп ойлаймын. Себебі бізде ет өндірісіне субсидия бөлінетінін ескеру керек. Сондықтан субсидия алып отырған өңірлер батысты да етпен қамтамасыз ете алады», - дейді экономист.
Алайда, саясаттанушы Ерлан Сайыров еттің бағасы биыл батыстағы қуаңшылыққа дейін шарықтап кеткеніне сенімді. Ендігі кезекте жағдайды ушықтырып алмау үшін тағы да қаражат тарту қажеттілігі туындамақ.
«Еттің бағасы қазірдің өзінде базарларда шарықтап тұр. Бір қойдың құны 100 мыңнан да асып кетті. Бұл Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Бірақ бұл жерде екі мәселені ескеру керек: ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқандар өз еліміздің азаматтары, сондықтан олар да табыссыз қалмауы тиіс. Міне, сол себептен еттің бағасына мемлекеттік реттеу жүйесі қажет. Яғни, мал өсіріп отырған шаруа қожалықтардың пайда табуына ешқандай тыйым жасай алмаймыз. Бірақ, мемлекеттік реттеу арқылы шаруа қожалықтарға субсидия беру керек. Қалаға етті алып келген кезде базарлардағы жалға беру орнының бағасын төмендету арқылы еттің бағасын ұстап тұруға болады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ет сатып алу үшін субсидия беру керек», - дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.
Маңғыстау облысындағы жағдай тұрақтанды, мал өлімі тоқтады
Елімізде орнаған күрделі мәселеге қатысты бүгін АШМ хабарлама жасады. Ведомство құғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысының мал шаруашылығына қатысты бірқатар жұмыс атқарылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, аталған бағытта Үкімет резрвінен қомақты қаражат қарастырылғаны белгілі болды.
«Маңғыстау ауыл шаруашылығы жануарлары Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарына тасымалданады. Маңғыстау облысының тұрғындарына көмек ретінде республиканың басқа өңірлерінен екі апта ішінде 13 мың түп және 92 орам шөп әкелінді. Қосымша, Қостанай облысы апта сайын 5 вагоннан кебек жөнелтуде. Ақтөбе және Атырау облыстары Маңғыстаулық шаруаларға өз аумақтарында шөп шабуға мүмкіндік берді. Шөп сатып алуды «Каспий» ӘКК қаржыландырды (204 млн теңге). Өз кезегінде Азық-түлік корпорациясы 637 тонна арпаны 17% - ға төмендетілген бағамен сатты. Маңғыстау облысының агроқұрылымдарында малдың қыстауы үшін және жеке қосалқы шаруашылықтардың жем сатып алуы үшін Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінеді. Жалпы алғанда, Маңғыстау облысындағы жағдай тұрақтанды, мал өлімі тоқтады», - делінген АШМ министрлігінің ресми сайтында.
Еттің бағасы 5-6 пайызға қымбаттауы мүмкін
Ал, Қызылорда облысының Арал ауданында малдың құрғақшылықтан қырылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Мәселені тезірек шешу үшін мал азығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінбек.
«Қызылорда облысының Арал ауданына жоңышқа жеткізу ұйымдастырылды, сонымен қатар, мың тоннадан астам шөп, 40 тонна құнарлы жем түсті. Азық-түлік корпорациясы арқылы 600 тонна арпа сатып алу туралы келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ, жем-шөпті 10-15% арзандатылған сату бойынша ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.
Десе де, елдегі азық-түлік тауарларының қымбаттауы ет өнімдерінің бағасына да әсер етпей қоймайтыны белгілі.
«Малды көбірек сойғанда, ет көбейеді де баға төмендер еді. Бірақ бұның әсері бір немесе жарты жылдан кейін бәрібір қымбатшылыққа әкелуі мүмкін. Ал, егер үкімет батыс өңірлері мен Қызылорда облысына мал азығын жеткізіп, жәрдем көрсетсе, ет бағасын тұрақты инфляция деңгейінде 5-6 пайызға ғана өседі», - деді Сапарбай Жобаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан