Пара алған «Ғылым қоры» басқармасының бұрынғы төрағасы сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімімен Ануарбек Сұлтанғазин кінәлі деп танылып, оған 57 млн теңге көлемінде айыппұл салынды

Фото: science-fund.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы А.Ж.Сұлтанғазинге қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ол Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры А.Т.Едрисов үшін ҚР Білім және ғылым министрінің жеке қабылдауын ұйымдастырғаны үшін одан 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікке ілінді», - делінген хабарламада.

Осы жылдың 18 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданының №2 аудандық сотының үкімімен А.Ж.Сұлтанғазин кінәлі деп танылып, оған 57 млн.теңге көлемінде айыппұл салынды.

Аталған тұлға өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айырылды.