«Егемен Қазақстан» газетінің жарық көргеніне тура 100 жыл толды
Атаулы күн осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын республика бойынша кең көлемде атап өтілген еді
Ел басылымына бүгін 1 ғасыр толды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Егемен Қазақстан» газетінің жарық көргеніне бүгін тұп-тура 100 жыл. Атаулы күн осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын республика бойынша кең көлемде атап өтілген еді. Ең алғаш «Ұшқын» деген атаумен оқырмандарға жол тартқан басылым кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Социалистік Қазақстан» болып қайта түледі. Ал тәуелсіздік алған тұста «Егемен Қазақстан» болып атауын өзгертті. Осы жүз жылда елдің бас басылымы елдік саясаттың жаршысына, ұлттық мүдденің ұраншысына айналып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға белсене атсалысты. Соңғы 4 жылда газет заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгертті. Тұрақты оқырмандарының саны 30 мыңға жетті. Газеттің арнайы сайты да техникалық-дизайндық тұрғыдан қайта жаңғыртылып, мультимедиялық мүмкіндіктерін кеңейтті.
«Егемен Қазақстан» – бұл елдіктің газеті. Елбасымыз «бас басылым» деп баға берген газет. Қазақтың атын қайтаруға шексіз үлес қосқан, елдікті еңселі етуге еселі еңбек еткен, сонымен қатар егемендікті сүйіншілеген газет. Сондықтан бүгінгі мереке бұл тек қана «Егеменнің» ғана емес, қазақ баспасөзінің де мерейлі межесі деп есептейміз», - деді «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Дархан Қыдырәлі.
Дереккөз: 24.kz