СҚО билігі бізді ешқашан елеп-ескерген емес – қызылжарлық желтоқсаншы
1986 жылы қазақ жастарына қарсы шығудан бас тартқаны үшін прапорщик шенінен айрылған Боташ Қажымов ұзақ уақыт қудалауға ұшыраған екен
«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі СҚО филиалының төрағасы Боташ Қажымовтың жадында 1986 жылғы оқиға кеше ғана өткендей сақталған. Ол қолына әскери күрек алып, өзге сарбаздармен бірге Алматының орталық алаңына жиналған қазақ жастарын басып-жаншуы тиіс болатын. Алайда, басшылардың дегеніне көнбей, өзге қаруластарын да осыған үгіттеген. Бірақ, бұл әрекеті үшін Қажымов ұзақ уақыт бойы қудаланды.
Ол кезде Боташ Қажымов Степногор қаласында әскери қызметте жүрген болатын. Қазақ жастарына қарсы шығудан бас тартқаны үшін ол алдымен прапорщик шенінен айрылып, кейін билік тарапынан қатты қысым көрген. Қызылжарлық желтоқсаншымен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
- 1986 жылғы желтоқсанның ызғары қазақ жастарының біразына тиді. Өз оқиғаңызды айтып берсеңіз?
- Ол кезде қатарластарымның көбі отбасын құрған, жақсы қызметтерде жұмыс істеді. Мен өзімді артта қалғандай сезінетінмін. Степногор қаласындағы 66/36 әскери бөлімінде қызметте жүріп, 1981 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түстім. Қатаң режимдегі түрмені күзететінбіз. 1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында кезекті оқу сессиясын тапсырып келген кезім. Түрме басшылығы бізді жинап, Алматыда қазақтар өзге ұлт өкілдеріне қысым жасап жатқанын, балабақшалардағы балалардың қарнын жарып, ішек-қарынын ақтарып, ішін мақтаға толтырып, далаға іліп кетіп жатқанын, хайуан жасамайтын әрекетке барғандарды басу қажеттігін айтты. Өзім сынды прапорщиктер «барамыз» деп бірден көтерілді. Мен сенбедім. Орнымнан тұрып, қазақ мұндай әрекетке мүлде бармайтынын, бұл оқиға шындыққа жанаспайтынын айттым. Басшылық мені бірден басып тастауға тырысты. Жиналыс аяқталды. Не істерімді білмедім. Ойлана келе, үнпарақ жазып, таратуды ұйғардым. Қазіргідей компьютер жоқ, қолмен 40 шақты парақ жазып, таратым.
- Үнпараққа не жаздыңыз?
- Колбиннің Қазақстан Комунистік партиясы орталық комитетінің 1-ші хатшысы болуға лайық еместігін, оның қазақ халқына, шаруашылығына, экономикасына тән ерекшеліктерді белмейтінін, брінші хатшы жергілікті қазақтар арасынан сайлануы тиіс екенін айттым. Сонымен қатар, қазақ жастарының көтеріліске шығуы дұрыс әрекет екенін жаздым. Жаздым да, солдаттарға тараттым. Саяси бөлім бастығы қағаздарды кім таратқанын бірден білді. Мені ұстап алды. Жазғанымды мойындадым. Казармаға қамап тастады. Түрмеге жабылатынымды айтты. Плацта жүгіртіп, физикалық жаттығуларды күшейтті. Біресе, құлатты, біресе еңбектетті. Әбден қинады. Барлау қызметінің бастығы келді. Егер бәрін мойындап, өкінетінімді айтсам, қолхат жазып берсем, сотталмайтынымды айтты. Мен ойлана келе, қолхат жазудан бас тарттым. 23 желтоқсан күні «Үкіметтің саясатын дұрыс түсінбейді» деп жиналысқа салды. Тырнақ астынан кір іздеп, сол күнге дейін болған оқиғалардың барлығын ақтарды. Ештеңе таппаған соң, «ескі шинельдеріңді тапсырмағансың» деп 500 сом айыппұл салды. Ол кезде жатақханада тұратынмын. Людмила Падерина есімді орыс қызымен араластым. 11 сынып оқушысы журнилистика факультетіне түскісі келіп, менен жазуды үйреніп жүрді. Екеуміз жай ғана дос едік. Маған «кәмелетке толмаған жасөпіріммен байланысы бар» деп айып тағылды. Әлгі бейбақ қызды мектептен алып кетіп, медициналық тексеріс жасады. Тексеріс оның пәк екенін көрсетті. Сол кезде санаулы күннің ішінде басымдағы шашымның барлығы ағарып кетті. Маған қарсы ешқандай айғақ болмағанына қарамастан, жұмыстан шығарып жіберді. Университетке хат жазып, қолыма диплом алуға 4 ай қалғанда оқудан да шеттетті. Барып құжаттардымды алып кеттім.
- Үнпарақ таратқанда сізді қолдаған солдаттар болды ма?
- Басшылық таратылған парақшалардың 13-ін тауып алды. Азизхан Ботаев есімді солдат қана мені қолдады. Одан басқа ешкім пікір білдірген жоқ.
- Одан кейінгі өміріңіз қалай өрбіді?
- Одан кейін Степногор қаласының жанындағы Ақсу ауылдық мектебіне мұғаім болып бардым. Бірер ай жұмыс істегеннен кейін аудандық партия комитеті мен КГБ өкілдері келді. Жиналыс өткізіп, мені жамандады. Өз пікірімді ашық айттым. Олар көп бөгелмей кетіп қалды. Жұмысмды жалғастырып, көктемгі каникул кезінде мектепте кезекшілік атқардым. Өзімнің қағаз жүзінде әлдеқашан жұмыстан шығарылғанымды білмеппін. Кадр бөлімінің маманы еңбек кітапшасын қолыма табыстағанда қызметке қабылданғаным да жазылмаған. Одан кейін Көкшетау облысының Красный Яр аудандық газетіне тілші болып жұмысқа орналастым. Аз уақытың ішінде «қудалау» редакцияға да жетті. Жарты жылдай істеп, тілшілік жұмыстан да босадым. Ең шалғайда орналасқан аудандардың біріне жол тарттым. «Вперед» атты газетке жұмысқа кірдім. Күндердің күнінде редакцияға сот қызметкерлері келді. Қолдарында сот шешімі бар. Тағы да қызметтен босадым. Осылайша 3 жылда 4 рет жұмыс орнын ауыстырдым.
- Қалай ақталып шықтыңыз?
- «Желтоқсанның ызғарын» 7 жыл, 9 ай, 22 күн тарттым. Көтеріліске шыққан жастар ақталып жатты. Жұмыстан шығып, Алматыға бардым. Мұхтар Шахановқа жолықтым. Ол университетке хат жазды. 34 жасымда университеттің күндізгі бөлімінде оқуымды жалғастырып, жасы ең үлкен студент болып дипломымды алдым. Қостанай облыстық газетінде бос орын бар екен. «Костанайские новости» редакциясына жол тарттым. Журналистер одағына қабылдандым, көтермеақы алып, пәтер берілді. Одан кейін Көкшетау облысына ауысып, республикалық «Экспресс К», «Спорт» газеттерінде тілші қызметін атқардым. 1993 жылы Шаханов депутаттық сауал жолдап, әскери қызметтен заңсыз қуылғаным мойындалып, қызметіме қайта кірісу құқығына ие болдым. Қолыма ақталғаным туралы құжат тиді.
- Бүгінгі күні «Желтоқсан оқиғасы» шынайы бағасын алды ма?
- Жоқ тарихи оқиға әлі де шынайы бағасын алмай келеді. Солтүстік Қазақстан облысында ресми түрде ақталған 3 желтоқсаншы болған еді. Оның бірі – Қайрат Оспанов. Ол басқа өңірге көшіп кетті. Екіншісі – Нұржан Қалиасқаров. Отбасы осында тұрады. Үшіншісі – мен. Жыл сайын «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының атынан марқұм Нұржан Қалиасқаровты еске алуға арналған спорттық жарыс өткіземіз. Облыс басшылығы бізді елеп, ешқашан келген емес. Қазақ үшін өмірін қиған жанның рухына құрмет көрсетіп, жиынды ашып беруге бір минут уақытын бөле алмайтын әкімдерді түсінбеймін.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО