$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.06.2021, 12:47
Қоғам

Жапандағы жалғыз үй: Солтүстікте бір ғана адам тұратын ауылдар бар

Облыста халқы 10 адамға жетпейтін 25 ауыл бар  

Жапандағы жалғыз үй: Солтүстікте бір ғана адам тұратын ауылдар бар

Солтүстік Қазақстанда 112 ауыл картадан жойылып кетуі мүмкін. Адам саны 50-ден аспайтын елдімекендер «болашағы бұлыңғыр» деп танылған. Қазір өңірде бір ғана адам тұратын үш ауыл бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА 38 АУЫЛ ЖОЙЫЛЫП КЕТТІ

Солтүстік Қазақстанда 635 ауыл бар. Соңғы жылдары олардың саны тым жылдам қарқынмен азайып келеді. Соңғы бес жылда 37 елдімекен жабылған. Жыл сайын жаңартылатын тізім бойынша тағы да 112 ауыл картадан біржолата жойылып кетуі мүмкін. Аталған елдімекендерде жол, су проблемасы өзекті. Басым көпшілігінде мектеп бастауыш болса, кейбірінде тіпті жабылып қалған. Медициналық пунктер де солай. Балалар көрші ауылдарға барып оқуға мәжбүр. Мәдениет, спорт мекемелері мен сауда орындары туралы айту тіпті қисынсыз.  

«Перспективалы ауылдар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2019 жылғы 81-ші бұйрығымен «Ауылдық елдімекендерді айқындауға арналған критерийлерге» сәйкес анықталады. Өткен жылы аудандық әкімдіктердің мәліметтері негізінде мониторингті «McKinsey & Company» жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, облыста халық саны 50 адамнан аспайтын 112 елді мекен, халқы 10 адамға жетпейтін 25, халқы жоқ 2 ауыл анықталды», - дейді облыстық Экономика басқармасының бөлім жетекшісі Жанар Ахмиева.

«Болашағы бұлыңғыр» деп анықталған ауылдарда 2500-ден астам адам тұрып жатыр. Оның 36 пайызы балалар мен зейнеткерлер бослса, 64 пайызы ересек адамдар. Барлығы мал өсіріп күн көріп отыр. Басқа жұмыс жоқ.

«Ел бойынша урбанизация үрдісі жүріп жатыр. Әрі тұрғыны аз ауылдары ұстап отыру мемлекетке экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан, ауылдарды тарату жұмыстары жалғасын табады», - дейді Жанар Ахмиева.

Жойылып бара жатқан ауылдар тізімінде Ресеймен шекаралас елдімекендер де бар.

ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

Жойылу қаупі төніп тұрған елдімекендердің бірі - Жамбыл ауданындағы Аменгелді ауылы. Бір кездері дүркіреп тұрған елдімекенде тіршілік нышаны байқалмайды. Клуб, мектеп, дүкен, медициналық пунктен үйінділері ғана қалған. Қазір онда жалғыз адам тұрып жатыр.

Ауылдастары көшкенде Әділхан Байтасов, елде қалуды жөн санапты. Қазір оның жалғыз серігі –  жылқы. Күнкөрістің жалғыз көзі де сол. Ауыл тұрғындары басқа жаққа қоныс аударғанда малдарын тастап кеткен.  Әділхан қысы-жазы мал бағады. Жалғыз өзі тұрып жатқанына бір жыл болған.

«Бала саны азайып, мектеп жабылған соң, халық та көп тұрақтамады. Бірақ жылқыларын маған тапсырып кетті. Туған жерден кеткім келмейді. Осы жерде туып-өстім. Үйреніп қалдым. Әрі ешкімге тәуелді емеспін. Жылқыларды жақсы көремін, оларды қайда тастамақпын? Табысым жақсы. Қалаға барсаң мұндай болмайды. Әке-шешемді Благовещенка ауылына көшірдім. Қыста ауырып қалса қиын. Жол ашылмайды», - дейді Әділхан Байтасов.

Ауылда әзірге жарық бар, ауыз суды көрші ауылдан тасып отыр. Басы ауырып, балтыры сыздаса, өзі емделеді, көлігін де өзі жөндейді. Үй ішіндегі шаруаны да өзі атқаруға әбден бейімделіп алған.

Мектеп – ауылды ыдыраудан сақтап отырған басты ошақ. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ауылдықтардың ата қоныстарын тастап, туған жерден кетуіне түрткі болатын негізгі себептердің бірі – білім ошақтарының есігіне қара құлыптың ілінуі. Амангелді ауылы да соның бір мысалы.

АЛТЫ ЖЫЛДЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Януцино ауылы. Облыс орталығынан небәрі 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда да жалғыз адам тұрып жатыр. Александр Бурмагиннің ауылда адамдарды тым сирек көретініне 6 жыл болған.

«Жылда бау-бақша егемін. Оны күтемін. Картоп жақсы өcіп келеді. Өзіме қажеттінің барлығы бар. Тек бақытсызбын. Адамдарды сирек көремін. Сондықтан біреу жолығып қалса, көп сөйлейтінімді аңғардым. Іште жиналып қалады екен. Осы жерде әйелім жатыр. Мен қайда барамын?», - дейді Александр Бурмагин.

Бір кездері Янцино ауылының негізін неміс помещигі салған. Ұрпақтары тарихи отанына оралыпты. Қалған тұрғындар да жан-жаққа көшіп кеткен. Александр Бурмагин мен әйелі ғана қалған. 6 жыл бұрын ол дүние салған. Қазір ауылда қария және оның иті мен мысығынан басқа тірі жан жоқ.

Жалғыз тұрғын сыпырғыш істеп сатады. Оның бау-бақша егуден кейінгі ермегі де, жалғыз табыс көзі де сол.

«Қазір әлем мен танымастай өзгерген шығар. Ешқайда шықпаймын.  Сыпырғыштарымды қаладан келіп алып кетеді. Осылай ақша тауып  жүргеніме 20 жылға жуықтады», - дейді ол.

Александр Бурмагин тамыз айында 63-ке толады. Зейнет жасы. Қазірден аудан орталығына барып, құжаттар рәсімдеу жағын ойлап жүр. Облыс орталығына ат ізін салмағынана 20 жыл болыпты. Ауылдан ұзап шықса, өзін жоғалтып алатындай сезінеді.

Қазақстанда жыл сайын ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге арналған түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. 2002-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп жарияланды, оның ізін ала 2004-2010 жылдарды қамтитын «Ауылдық аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұдан да басқа бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.  Салаға мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан қаражат көлемі де аз емес. Алайда, миллиардтаған қаржының әр тиыны ауыл игілігі үшін жұмсалып жатыр деп айту қиын.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #ауылдар