Қазақстанда 50 педофил түрмеден шықты
Олардың қаншауына химиялық кастрация жасалғаны белгісіз
Биыл Қазақстан түрмелерінен кішкентай балаларға зорлық көрсеткен 50 қылмыскер босатылды деп хабарлайды «Евразия» телеарнасы. Ал, дәл қазіргі таңда 1 861 педофил жазасын өтеп жатыр.
Құқықтық статистика комитетінің хабарлауынша, 2021 жылы кішкентай балаларға қарсы жасалатын зорлық қылмысының саны айтарлықтай артқан: шамамен 1000 бала ересектерден зардап шегіпті. Оларды зорлаған, азғындаған және суицид жасауға итермелеген.
«Соңғы 5 жылда біздің елде педофилдік құрамы бар 3 893 қылмыс тіркелді. 2016 жылмен салыстырғанда 2020 жылы мұндай қылмыс саны 45,8 пайызға артқан. Қылмыстық атқарудың орнына пробациялық қызметтер құрылып, онда қылмыскерлерді қайта тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда, олар сол бұрынғы жүйемен жүмыс істеп келеді», - деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Түрмеден босап шыққан педофилдер 5 пен 8 жыл аралығында бақылауда болады. Оларды полиция қарайды. 2020 жылдан бері педофилдер мерзімінен бұрын түрмеден шығуға, амнистия сұрауға құқылы.