«Сотты циркке айналдырды»: Мамай мен Иманбай Байбекке қарсы сотта жеңіліп қалды

Ерлі-зайыптылар «журнлаистік» зерттеуі үшін қандай жауапқа тартылады?

«Сотты циркке айналдырды»: Мамай мен Иманбай Байбекке қарсы сотта жеңіліп қалды

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап-арызымен өткен азаматтық-процессуалдық сот соңына жетіп, белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай бұл процесте жеңілді. Енді олар Байбек туралы жариялаған видеоматериалдарын интернеттен өшіріп, онда айтқан деректерін ресми жоққа шығаруы тиіс. Сондай-ақ, сот шығынын өтеу де ерлі-зайыптылардың мойнына жүктелді.

Еске салайық, биыл сәуір айында Жанболат Мамай мен Инга Иманбай Бауыржан Байбекті жемқор деп айыптап, бірнеше видеоматериал жариялаған болатын. Артынша партия Төрағасының бірінші орынбасары олардың үстінен сотқа арыз түсіріп, өзінің ар-намысы мен беделін заң аясында қорғайтынын мәлімдеген.

Азаматтық-процессуалдық сот болғанына қарамастан аталған іс 1,5 айға созылды. Соталды дайындық отырысы бір емес, үш рет өтті. Өйткені, Мамай мен оның қорғаушылары сотқа жауап құжаттарын мерзімінен кеш өткізген.

Кеше болған негізгі сот процесінде тараптарға сөз беріліп, олар бір-біріне сұрақ қою мүмкіндігін алды. Бауыржан Байбектің заңды өкілі Айжан Тәшенованың пікірінше, Мамай мен Иманбай сотты әдейі созбалаңға салып, оны «цирк алаңына айналдырған». Ерлі-зайыптылар болса керісінше, процестің тез аяқталып қалғанына наразылығын білдірді.

Осылайша, 1,5 айға созылған процесс бүгін соңына жетіп, судья Райхан Сартаева өз шешімін оқыды. Заң талаптарына сәйкес, сот шешімі өз күшіне енгеннен кейін Жанболат Мамай мен Инга Иманбай Бауыржан Байбекке таққан айыптауларын теріске шығарып, жариялаған видеоларын интернет бетінен өшіруі тиіс. Олар сондай-ақ, 800 мың теңгеден астам сот шығынын өтейтін болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.