Көлге бару адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев онлайн форматта өтіп жатқан есептік кездесуінде қазақстандықтарға Көбейтұзға бармауға кеңес берді.
«Былтыр Көбейтұздағы су мен тұзға талдау жасалды, нәтижесінде су мен тұздың құрамында металдар өте көп екені мәлім болып отыр. Тұрғындардан Көбейтұзға барудан бас тартуды сұрағым келеді. Көлге бару адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін», - деді министр.
Еске салайық, былтыр жазда Ақмола облысындағы Көбейтұз көлі көпшіліктің ең көп барған жері болды. Алайда демалушылардың көлге келтірген зиянды әрекеті табиғат жанашыларының сынына ұшырады. Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді: «Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті «Көбейтұз» көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.
Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны ластап, табиғатқа аяусыздық танытқандарға салынатын айыппұл мөлшері көбейетінін айтты.