$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2021, 11:37
Қоғам

«Жетімдер үйінің түлегімін, қазір Аналар үйін паналап отырмын». Іздеушісі жоқ жас анамен сұхбат

Аналар үйіне келетіндердің көбі - азаматтық некеде ана атанған әйелдер

«Жетімдер үйінің түлегімін, қазір Аналар үйін паналап отырмын». Іздеушісі жоқ жас анамен сұхбат
фото: 18 жастағы Ева ұлы Исламмен

Қазір елімізде 18 қалада барар жері, басар тауы қалмаған балалы әйелдерге пана болуға арналған 21 Ана үйі бар. Azattyq Rýhy тілшісі сондай мекемелердің біріне бас сұғып, қиын жағдайға тап болған жандармен әңгімелесіп қайтты.

Елорданың оң жақ жағалауында орналасқан Аналар үйін 2014 жылы ашылғаннан бері 4 976 әйел мекен еткен. Оның әрқайсы бұл ғимаратқа бір баланы құшағына басып немесе аяғы ауыр күйінде пана іздеп келіпті.

«Жасы 30-ға толмаған, бір балалы әйелдерге тағдырдың сынағы тап бергенде, баратын жері қалмағанда біз пана боламыз. Әрине, адам болған соң, әйелдің жағдайына қарай кейбір критерийлер бойынша өзгеріс те енгіземіз. Мәселен, бұл жерде 6 айдан көп қалуға, 31, 32 жаста болса, оған аса шүйлігіп жатқан жайымыз жоқ. Жалпы, 2014 жылдан бері тағдырдың қиын сынағында қалған бес мыңға жуық ана мен балаға көмектесіп, олардың жетім болмасы үшін алдын алдық», - дейді Аналар үйінің координаторы Айжан Диханова.

БАЛАСЫМЕН ДАЛАДА ҚАЛАТЫН ҚЫЗДАРДЫҢ КӨБІ – АУЫЛ-АЙМАҚТАН КЕЛГЕНДЕР

Қиын жағдайға тап болған 10 әйелге арналған бұл ғимаратта қазір 9 ана тұрып жатыр. Айжан Жақсыбайқызының айтуынша, олардың 8-і баласымен, қалған біреуі жақында босанады.

фото: Айжан Диханова, Аналар үйінің координаторы

«Алты ай ішінде психолог әр ананың психологиялық картасын жасап, оның отбасымен табысып кетуі үшін жұмыс жүргізеді. Тәжірибе бойынша, осы жерге келіп түсетін қыздардың көпшілігі – азаматтық некеде босанғандар. Заңды жары етіп алмаған соң, ер-азаматтардың көбі бала туылған соң қыздарды тастап кетеді. Қыздардың көпшілігі - басқа өңірден, оқуға түсіп, жұмыс істеу мақсатында келгендіктен, ауылда қалған ата-анасына балалы болғанын айта алмайды. Аяғы ауыр болса да жұмыс істеп, пәтерін төлейді. Босанған соң, пәтерақысын төлейтін мүмкіндігі болмай, далада қалады. Көбіне осы жағдай. Алайда, 90 пайыз жағдайда қыздар ата-анасының үйіне барып, немесе балаларының әкеімен табысып, осы жерден аман-есен кетеді», - дейді Айжан Жақсыбайқызы.

Аналар үйінде тұрып жатқан, бар болғаны 18 жастағы Еваның іздеушісі жоқ. Ол өзін ұрып-соққан баласының әкесіне өкпелі. Назын айтып, жылап алайын десе, ата-анасы да жоқ.

«Мен Осакаровкадағы балалар үйінде өстім. 2-4 жас шамасында мені ол жерге анам тапсырып кеткен. Кішкентай кезімде бір рет атам іздеп келіпті. Сонымен болды. Одан кейін ізім-ғайым жоқ. Балалар үйінен шыққан соң, маған құжаттарымды берді. Ол жерде анамның жұмыс берушісінің нөмірі бар екен. Хабарлассам, «мен қазір басқа елдемін» деп сөйлеспей қойды. Жақында тағы да хабарластым, ол кісі «сенің анаң жұмыстан шығып кеткен, қазір Пришахтинскте (Қарағанды обл.) тұрады» деді. Алайда, телефон нөмірін білмейтінін айтты. Әрі қарай іздеуге мүмкіндігім жоқ. Кімнен, қалай сұрарымды білмеймін. Анамның қазір басқа балалары, отбасысы бар ма – еш хабарым жоқ», - дейді Ева.

Жетімдер үйінен түлеп ұшқан ол аспаз мамандығы бойынша грантқа түсіпті. Стипендия алады. Колледжде танысқан жігітпен бір пәтерде тұрып, пәтер ақысын стипендиядан төлеген.

«Азаматтық некедегі жолдасым ұрып-соға берген соң, құрбымның үйіне қашып кеттім. Құрбым қатты ауырып, басқа жаққа кетуге мәжбүр болды. Сосын баламмен далада қалдым. Баламның әкесі де, оның ата-анасы да менің осы Аналар үйінде екенімді білмейді. Хабарласпайды, іздемейді», - дейді Ева.

«ЖАҚСЫ АНА БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ»

Еваның колледждегі оқуының аяқталуына 1 ай қалыпты. Аналар үйінен шыққаннан кейін қайда баратыны белгісіз.

«Ұлымның аты – Ислам, жақында жасқа толады. Есімін өзім қойдым. Сырт келбеті әкесі сияқты болады деп елестетінмін. Қазаққа ұқсайды деп...

Әкесі баласына бейтарап қарайтын. Мүмкін, әлі әке болуға дайын болмаған шығар. Ол 19 жаста, студент, жұмыс та істемейді. Ата-әжесі Исламды жақсы көреді деп ойлаймын, немерелерін біледі.

Баламның болашағы туралы ойлаймын. Мамандықты өз қалауы бойынша таңдағанын қалаймын. Бір-бірімізді түсінетін, жақсы қатынастағы ана мен бала болғанымызды қалаймын. Ұрсып, жекіп емес, жай сөзбен-ақ бір-бірімізді түсінсек екен деймін.

Босанған кезім есімде, шақалақты кеудеме қойды. Қозғалса, құлап түсетіндей, бір жері сынып қалатындай қорқатынмын. Ол жыласа, қорқып кететінмін. Мені ана болуға ешкім үйретіп, көмектескен жоқ. Өзім баламен бетпе-бет қалып, үйрендім. Қазір бәрі жақсы, үйреніп кеттім. Баламды жақсы көремін. 

Баламның әкесімен мүлдем сөйлеспеймін. Ол бізді керек етпейді, іздемейді.

Қазір оқып жатырмын. Стипендиямды жинап, 6 ай толғанда кетемін деп отырмын», - деді Ева көзіне жас алып.

Аспаз мамандығында оқитын Ева бізге өзі жасаған тәттіден дәм татуға шақырды. Осы жерде тамақ пісіріп, үй тазалап, өз үйіндей жүретінін айтты. Алдымен Балалар үйін, қазір Аналар үйін паналап жүрген Ева қиындықққа мойымауға, әлі де ұмтылыстың жағында болуға уәде етті.

«Қыздар күніне 4 рет тамақтанады. Азық-түлікті менюге сәйкес, алып келеміз. Тамақты олар өздері пісіреді. Екі кезекшілік тізімі бекітіледі: бірі тағам пісіру, екіншісі үй тазалау бойынша. Тігін цехымыз бар. Бір қыз тігуді өте жақсы меңгерген. Ол басқа қыздарға тігін тігуді үйретеді. Аптасына екі рет үйді толықтай тазалап шығамыз.

Кейде 6 айдан да аз тұратындар бар. Мысалы, бір келіншек баласын құшақтап келген, полиция әкелген. Ол жертөледе тұратын. Азаматтық некедегі күйеуі қазір зейнетақы жинағынан ақшасын алып, пәтер алды. Енді келіншегін алып кетейін деп жатыр. Яғни, 1 ай ғана тұрды. Біздің мақсат – баланы тірідей жетім етпеу, анасынан ажыратпау», - дейді Айжан Жақсыбайқызы.  

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары