$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.06.2021, 09:11
Қоғам

Шымкентте теміржолшы әйелдер жанайқайына құлақ аспаған басшысына терезеден секіріп кірді

Оларға осыдан 14 жыл бұрын үй салуға берген жер қызыл сызықта орналасқан екен

Шымкентте теміржолшы әйелдер жанайқайына құлақ аспаған басшысына терезеден секіріп кірді

Шымкентте теміржолшы әйелдер басшысына терезеден кірді. Себебі 2007 жылы жұмыс бабымен қоныс аударып келген 81 отбасы далада қалдық деп отыр. «Қазақстан темір жолы» компаниясы оларға үй салуға жер берген. Бірақ жер телімі қызыл сызықта орналасқан екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Енді үйінің тіркеуі жоқ тұрғындар не ауруханаға бара алмайды, не баспанасын заңдастыра алмай жүр. Тіпті рұқсат етілмеген жерде салынған үйлерге су, жол мен газ да жүргізілмейді. Кезекті рет мұңын айтып келгендерді басшылар кабинетіне кіргізбеуге тырысқан, бірақ ашулы топ терезеден секіріп кірді. 

Сарыағаш ауданындағы Алғабас теміржол стансасының бір топ теміржолшысы Шымкенттегі кеңсеге келді. 2007 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясы Шеңгелді станциясынан 385 отбасын 40 шақырым жердегі Алғабасқа көшіріпті. Бәріне 10 сотықтан жер бөлгенімен, 81 учаске қызыл сызық үстіне түскен. Басшылар «шешіп береміз» деген соң үй салғандар содан бері сандалып жүр.

«Сіздерге үш жылдың ішінде газ, су, мектеп салып береміз, осы жерден жер беріп жатырмыз, өтініш, барлық теміржолшылар, көшіңіздер» деді. Олардың сөзіне сеніп, өкіметтің сөзіне сеніп көшіп келдік. Үй-жайды тастап, бала-шағаны алып келдік», - дейді теміржолшы Нұржамал Тәшімбетова.

Қызыл сызық үстіне жаппай үй салғанымен, тіркеусіз қалған 81 отбасы қазір үлкен ауылға айналған. Бірақ үй құжаты болмаған соң ешқайда есепте жоқ. Билік «заңсыз тұрып жатырсыңдар» деп не су, не жол жүргізбейді. Тіпті осының кесірінен әлеуметтік жәрдемақыдан да қағылыпты. Тұрғындар түгел ақша беріп жан-жақта тіркеуде тұр.

«Тіркеуге тұру үшін есептеңіз, төрт балаға 40 мың кетеді, өзім бар, күйеуім бар. Жетпейді ғой енді, су құйдырасың, анау-мынау істейсің. Соның шешімі болу үшін құжаттарымызды шығарып, базасына мемактімізді енгізіп берсін», - дейді көпбалалы ана Жансая Қырғызбек.

Шымкентте отыратын басшыларына балаларын жетектеп жүз шақырым жерден жеткен әйелдерді ішке кіргізбей қойды. Тіпті есікті кілттеп алған. Бірақ олардың әрекеті онсыз да наразы топтың ашуын туғызды.  

Ашуға булыққан топ есікті қойып терезеден кірді. Әйелдердің кетпейтінін түсінген басшылық амалсыз шықты. Қаумалап мәселесін жаудырған топқа жөнді жауап бере алмады. Мәселені біресе «білеміз», біресе «білмейміз» дегендер жердің шешімін шығарып берген Сарыағаш әкімі «басын ауыртсын» дейді.

ҚТЖ Шымкент филиалы заң бөлімінің басшысы Ерғали Жансейітов:

- Былық әкімдіктен.

- Сіздердің қатысыңыз жоқ па?

- Жоқ.

- Бірақ жерді беруді әу баста бастап, шақыртқан сіздер ғой.

- Иә, иә.

ҚТЖ сол берген құжаттарын да тексеру керек. Қандай негізде екенін. Қазір құжаттарын, рұқсат құжатын талап етеміз.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы теміржолшылардың 14 жылдан бері айтып келе жатқан шағымын енді зерттемек. «Керек болса жерге шешім шығарып берген әкімдікті сотқа береміз» деген олар әйелдерді сабырға шақырып әзер қайтарды. Ал теміржолшылар мәселе шешілмесе, ұл-қызын жетектеп Елордаға бармақшы.

Серіктес жаңалықтары