Маңғыстауда сәбиді қинап массаж жасаған әйелге қатысты тексеру жүргізіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Ал, сәбидің анасы массаж жасаушыға еш кінә артпайтынын жеткізді

скриншот: видео

Маңғыстау облысында шынашақтай сәбиді қинап массаж жасаған әйелге қатысты тексеру басталды. Буыны қатпаған баланы жұлқыған маман қазір жұмысын уақытша тоқтатқан. Ал  жұрттың ашуын туғызған массаж жасаушыға сәбидің ата-анасы дән риза, деп хабарлайды КТК.

«Массаж жасаған апаға рахмет айтамын. Оған қояр арыз-талабым жоқ. Үшінші курсын аяқтадық. Дәрігерлер кеше тексеріп кетті», - дейді анасы.

Бейнеу ауданында болған оқиға әлеуметтік желіде көпшілік наразылығын тудырды. Арнайы медициналық халаты, не бетпердесі жоқ әйел тоғыз айлық сәбидің ішін басып, аяқ қолын жан-жаққа тартып массаж жасауда. Тіпті, жан дауысы шыққан сәбидің шырқырап жылағанына да мән берер емес. Баланың мойнынан ұстап, бір-екі рет сілкілеп те алады. Ал, сәбидің анасы массаж жасаушыға «еш кінә артпаймын» деп отыр. Себебі, бала неврологиялық ауруға шалдыққан, сол үшін арнайы массаж курсын қабылдауы қажет.