Сайрам-Өгемдегі қайғылы жағдай, Шарындағы өлім - ішкі туризмдегі қауіпсіздік туралы Kazakh Tourism басшысының жауабы
Университеттердің бірінде жергілікті туристік полиция өкілдерін оқыту қолға алынған
Пандемия кесірінен ойын-сауық орталықтарына, шетелге бара алмай қалған халық табиғаттың тосын жағдайларын есепке алмастан, білікті гидсіз ішкі туристік орындарды аралап кеткен еді. Бірақ өткен аптада Шарын және Сайрам-Өгем ұлттық парктерінде болған қайғылы оқиғадан кейін, қазақстандықтар ел ішінде саяхаттауға жүрексініп қалды.
Бірнеше жастың өмірін қиған қайғылы жағдайлардан кейін Azattyq Rýhy тілшісі Kazakh Tourism АҚ басқарма төрағасы Ержан Мәлікұлынан саяхатшылардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны, турпакеттер сатып алу кезіндегі сақтандыру шарттары жайлы сұрақтарға жауап алды.
«Шарын және Сайрам-Өгем ұлттық парктеріне байланысты оқиғалар бірнеше күн бойы жұртшылықты дүрліктірді. Ол жердегі елеулі қателік – туристтердің қатарында арнайы дайындығы бар гидтің болмауы, тиісінше бұл топтар экстремалды жағдайларға дайын болмады. Үш жыл бұрын Ұлттық парктерді дамыту тұжырымдамасын енгіздік. Атап айтқанда, ұйымдастырылған демалысқа аса маңызды көңіл бөлдік. Оның ішінде белгілі бір тур маршруттар қалыптастыру, таңбаланған соқпақтар ұйымдастыру, стандартталған нұсқағыштар орнату, интернет жүргізу, құтқару пункттерінің санын көбейту, тұрақтарға арналған орындарды бекіту және т.б. қолайлы жағдай жасау ұсынылды», - деді басқарма төрағасы.
Маманның айтуынша, бұрындары білікті туристер көбінде экотуризм саласына қызығушыылық танытса, қазір ұйымдастырылмаған және төтенше жағдайларға дайын емес топтардың ағымы ұлғаюда.
«Мұндай жазатайым оқиғаларды азайту және туристерге қолайлы жағдайлар жасау үшін, әсіресе қауіпсіздік мәселелері бойынша, біз бейінді министрлікпен бірлесіп Алматы облысының 4 ұлттық паркіне инвесторлар тарттық. Нәтижесінде ұлттық паркеттердегі алғашқы визит орталық ашылды, ондай нысанның маңызы туралы айту қажет емес. Өйткені, сол жерде туристерге аталған аймақтың осал және қауіпті жерлері туралы және басқа да қажетті ақпарат беріледі, кәсіпқой гидттердің де қызметі көрсетіледі. Алдағы уақытта жүйелі іс-шаралар жоспарында ұялы байланыс антеналарын орнату, бақылау-құтқару пункттерінің желісін құру, «туристік полиция» қызметі арқылы негізгі демалыс орындары мен соқпақтарда патрульдеуді жүргізу бар. Бұл іс-шараларды шұғыл орындау қажет, ол үшін құзырлы ведомстволар мен жергілікті ұлттық паркттердің әкімшілігінің атқаратын рөлі маңызды», - деді Ержан Мәлікұлы.
ІШКІ ТУРИЗМ, САҚТАНДЫРУ ШАРТТАРЫ ЖАЙЛЫ
Турфирмалар арқылы саяхаттайтындарға келсек, сақтандыру шартын жеке тарап негізінде жасай алады. Бірақ ішкі туризм саласында сақтандыру міндеттелмеген екен.
«Қауіпсіздік мәселері бойынша ең басты шаралар – мамандырылған жетекші немесе гидтің болуы, белсенді демалыс аймағы туралы толық ақпарат алу, ол үшін жергілікті әкімшілік немесе туристік ақпарат орталық, визит орталықтарға жүгіну, саяхатқа шығар кезде ауа-райы болжамдарына және Төтенше жағдайлар бойынша ведомствосының күнделікті жолдайтын ақпаратына жіті көңіл бөлу. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері жергілікті атқарушы органдар құзырында. Біздің тараптан тұрақты негізде ақпараттандыру жұмысы жүргізіледі. Мысалы, туристік ақпар-кітапша, арнайы жадынама әзірлеп тарату, әлеуметтік бейнероликтерде туристердің жалпы ұстану ережелері туралы айту. Түркістанға келетін болсақ, сервис бойынша және туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында Түркістан қаласында орналасқан Халықаралық туризм және меймандостық университеті жергілікті туристік полиция өкілдерін оқытуды қолға алды», - деді басқарма төрағасы.
Ержан Мәлікұлының есебі бойынша, биыл жазда Қазақстанға 600 мың шетелдік азамат келуі керек.
«UNWTO Дүниежізілік туристік ұйым басшысы Зураб Пололикашвили әлемдік туристік ағын ендігі кезде 4 жыл ішінде қалпына келе бастайтынына болжам білдірген. Биыл туристік ағын 2020 жылмен шамамен 22-55% арту мүмкін деген сөз. ҚР Ұлттық статистика бюросы мәлеметтері бойынша, 2020 жылы елімізде орналасу орындарында 252 мың шетел азаматтары тоқтаған. Бұл көрсеткіш бойынша биылғы болжам – 600 мың шетел азаматы. Бұл көрсеткішке қол жеткізуге ықпал ететін факторлар: әлемдік эпидахуалдың жақсаруы, көршілес елдердегі вакцинация үдерісінің тұрақты жүргізілуі, оған қоса еліміз Еуразиялық экономикалық одақ аумағында «COVID-19-сыз саяхаттаймын» қосымшасына маусым айының соңына дейін қосылады деген ақпарат бар. Бұл жүйе Ресей, Армения және Беларусь елдерінде қолданылып, өңіраралық туризмді дамытуға ықпал етуде», - деді ол.
Еске салсақ, 25 мамыр күні Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 студент жоғалып кеткені айтылды. 28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ 29 мамырда Шарын шатқалында жүріп өткен сел салдарынан экскурсияға барған бір оқушы мен мұғалім көз жұмды. Оған қоса сел ағызып әкеткен 11 жастағы оқушы 3-4 шақырым жерден табылды.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан