Олар қалада гейлер мен лесбилердің жиналуына қарсы
Осыдан бірер күн бұрын TikTok әлеуметтік желісінде қазақстандық ЛГБТ қозғалысының өкілдері видеоүндеу жариялап, 29 мамырда Шымкентте кездесу ұйымдастыратынын хабарлаған болатын. Бұған наразылық білдірген жергілікті бірнеше тұрғын 27 мамырда әкімдік алдына келіп, қала басшысы Мұрат Әйтеновке талап қойды.
Көпшіліктің атынан сөйлеген Қажымұхан Абзалов ЛГБТ қозғалысы отбасы құндылықтарын бұзатынын, ежелден келе жатқан ата дәстүрге жат екенін айтады. Сондықтан, жергілікті билік мұндай топтардың әрекет етуіне жол бермеу керек деп есептейді.
«Біз қарапайым тұрғындармыз. Қаламызға қай жақтан кім келіп, кім кетіп жатқанын білмейміз. Оны қолында билігі бар, құзыры бар адамдар біледі. Полиция қызметкерлері оларды тауып алып, қаладан кетуін түсіндіріп айтуы керек. Біздің бар талабымыз осы. Бейбіт жолмен қаламыздан шығып кетсін», - деді Қ.Абзалов.
Оның сөзінше, ЛГБТ қозғалысының өкілдері өз қатарын толықтыру үшін елді аралап жүрген көрінеді.
«Қазір олар Қызылордада. 29-на Шымкентке келеміз деді. Қатарына адам тіркеу үшін 15 мың теңгеден алым алады, сосын тексереді, гей екеніне көзі жеткенде ресми тіркеп, жиынның қайда өтетінін жеке хабарлайды», - дейді белсенділердің өкілі.
Шымкент әкімдігі олардың талап-арызына әлі ресми жауап қатпаған. Бірақ, дін істері басқармасының басшылары келіп, ЛГБТ-ға қарсы жұмыс істеуге уәде беріпті.
«Әкімге тікелей хат жаздық. Жолдаған хатымызға бірден жауап келмейтінін біліп, әкімдіктің алдына барып, әкімге телефон арқылы хабарластық. Ең болмағанда орынбасарының шығуын сұрадық. Ешкім шыққан жоқ. Әкімшілік атынан дін басқармасының басшысы келді. Ол бұл іс-шараға толық қарсы екенін, оларға қарсы әрекет жасайтынын айтты», - дейді Қажымұхан Абзалов.
Айта кетейік, биыл 8 наурызда Алматыда феминистер митингі өткен болатын. Шеру барысында ЛГБТ өкілдері де жиналды.