Мұндай ұсынысты қала тұрғындарының бірі жасаған. Ал Бақытжан Сағынтаев осы идеяны назарына алғанын атап өтті
Алматыдағы жоғары оқу орындары қала сыртына көшірілуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасы сілтеме жасап.
Мегаполистің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына қатысты мұндай ұсынысты қала тұрғындарының бірі жасаған. Ал Бақытжан Сағынтаев «Kazakhstan Urban Conference» форумында осы идеяны назарына алғанын атап өтті. Әрі оны жүзеге асыру үшін не істеу керектігін де айтты.
«Бұл мәселе терең зерттеуді қажет етеді. Кейбір оқу орындары қала сыртында өз қалашығын сала алады. Қазір «Алатау» инновациялық технология паркінің аумағында оқу орны ғимаратын салсақ деген кейбір университеттерден ұсыныс бар. Бірақ оған көлік қатынасын реттеп алу керек. Метро жүргізіп, қаламен байланыстыруымыз мүмкін», дейді Бақытжан Сағынтаев.
Сол кезде ғана оқу орындары қала сыртына өз қалауымен көше алады дейді әкім. Тағы бір тұрғын Алматының бас құжатында қаңғыбас жануарларға мейірімді қарым-қатынас мәселесінің ескерілмей кеткенін жеткізіпті. Бұл мәселені де назарға алған Бақытжан Сағынтаев енді жануарларды қала тіршілігінің бір бөлігі ретінде қараймыз дейді.
Айта кетсек, мегаполистің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы қарашада халыққа ұсынылған еді. Осы аралықта 400-ден астам адамнан 1100-ге тарта ұсыныс келіп түскен.