$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.05.2021, 10:56
Қоғам

Алматыда гранттан айырылған докторант әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен соттасып жатыр

Бұрынғы ректор Ғ.Мұтановтың бұйырғын жою туралы талап-арыз Бостандық аудандық сотында қаралды

Алматыда гранттан айырылған докторант әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен соттасып жатыр
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Алматыда докторант өзі 14 жыл жұмыс істеген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен соттасып жатыр. Ректорат пен докторанттың арасындағы тартысқа аттестация кезінде комиссияның қойған бағасы себеп боған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Арызданушы Жанна Қалымбекованың айтуынша, университеттің бұрынғы ректоры Ғ.Мұтанов оны оқудан да, жұмыстан да шығарып жіберген. Экс-докторанттың ғылыми кеңесшісі А.Киреева әлі толық аяқталмаған, негізгі қорғауға жетпеген ғылыми жұмысқа сынақтың алдында жоғары балл берген де, комиссияның алдында шәкіртінің плагиатпен айналысқанын жайып салған көрінеді.

«Университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Инновациялық менеджмент» мамындығына 2018 жылы оқуға түстім. Сынақта ағылшын тілінен 78 балл, мамандығым бойынша 76 балл жинадым. Оқуға түскен соң кафедрадағы мамандар маған «сен грантқа қалай түстің?» деді. «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі А.Н.Тұрғынбаева маған «сен біреудің орнын, басқаның грантын алып отырсың», «сен заңсыз стипендия аласың» деді. Ал 2-курста «сен аттестациядан өтпейсің» деп сынақ басталғанға дейін қорқыта бастады. 2020 жылдың 22 мамырында онлайн режимде өткен аттестациялау комиссиясы жүктілік және босануына байланысты демалыста болған А.Кирееваның қорытындысы бойынша диссертация тақырыбы ашылмаған деген негізбен маған 70 балл берді. Ғылыми кеңесшімді өзі оқитын университеттен емес, басқа инститтутан тағайындады. Ал ол ғылыми жетекшіммен әу бастан-ақ ара қатынасымыз дұрыс болмады», - деді Жанна Қалымбекова.


Жанна Қалымбекова

Гранттан айырылған Қалымбекованың өзі де осы ұлттық университеттің түлегі. Магистратураны да осында тәмәмдап, 2004 жылдан бастап жұмыс істеген. Докторантураға түскенде кафедрадағы басшылар университеттің емес, басқа жақтан, яғни Экономика институтының қызметкері, экономика ғылымдарының кандидаты Анель Кирееваны ғылыми кеңесші етіп бекітіп берген. Жастары шамалас ұстаз бен шәкірттің арасындағы керіс журналға олардың ғылыми мақалалары шыққан соң басталған көрінеді.

«88 мың теңгені аударуға мәжбүр болдым...»

«Мен өзімнің әріптесім Ағатаевамен бірігіп, Еуразия университетіне инновация тақырыбында мақала бермекші болдық. Сол кезде Киреева мақаланың басты авторы ретінде өзін көрсетуді міндеттеді. Оған менің әріптесім көнбеді. Ал, ғылыми кеңесшім сол үшін кек қайтаратынын айтты. Докторантураның 1-курсы кезінде Киреева екеуміздің біріккен мақаламыз Оңтүстік Кореядағы журналға ағылшын тілінде шықты. Докторанттың міндеті – ғылыми жұмысын «Скопусқа» шығару. Сол мақала үшін университет маған 120 мың теңге сыйақы тағайындап, оның 88 мың теңгесі карточкама түсті. Сол сәтте жетекшім неге маған емес, өзіңе сыйақы тағайындаттың деп ренжіп, ашуланды. Сыйақыны тағайындауды мен шешпеймін. Кейін ол ақшаны Кирееваға күйеуі арқылы жіберуге мәжбүр болдым. Былтыр 21 мамырда ғылыми кеңесшім комиссияның алдында Қалымбекованың жұмыстары плагиат деп мәлімдеді. Алайда аттестацияның алдында өзі менің материалдарымды қарап, еңбектің шынайлығы 66% екенін айтып, 70 балл қойып, қолхатпен растаған. Егер плагиат болса, қателік болса жетекші оны айтып, жол сілтеуі тиіс еді», - дейді Ж.Қалымбекова.

Аталған жағдайдан соң GPA баллы төмен деп саналған докторант ақылы түрде жазғы семестрге қалған. Кейін 7 кредитті игеру үшін қарыз алып, 342 мың теңгені университетке төлейді. Айтуынша, бұл сомаға ЖОО 105 сағат көлемінде ақылы білім беруі тиіс екен.

«Басшылық сабақ кестесі, консультациялар мен әдістемелік көмек бермек түгілі, деканат, кафедра, тарапынан қудалау басталды. Жазғы демалыста болса да аяқ астынан жиналған 6 адамдық комиссия әлі аяқталмаған жұмыстың жартысын плагиат және тақырыпқа сай емес, әрі негізгі тақырып ашылмаған деп тапты. Ақыры 14 тамызда бұрынғы ректор Ғалымқайыр Мұтановтың бұйрығымен білім алу грантынан айырды. Артынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес Жоғары мектебі деңгейінде құрылған Әдеп жөніндегі комиссия қатаң сөгіс жариялап, 14 жыл атқарған оқытушылық қызметімнен айырды. Бұдан соң министрлік, Бас прокуратура, Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне шағымдандым. Құзырлы органдар жағдайды тексеріп, заң бұзушылықтың болмағаны туралы жауап жіберді», - дейді Ж.Қалымбекова.

«Университет қоғамдық құндылықтарды бұзып отыр...»

«Сот осы жағдай арқылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қоғамдық құндылықтарды қаншалықты ластап, бұзып отырғанын көрсетсе деймін. Университетке білім беру қызметі бойынша 342 мың теңге төленсе де, 7 кредит бойынша ешқандай қызмет көрсетілмеген. Кафедра докторанттан бұндай соманы екінші рет тағы да төлеуді талап еткен. Менің қорғауымдағы адамның оған мүмкіндігі болмаған соң гранттан шеттетілген. Жетекшілері докторанттан құтылғысы келген. Істі қарап жатқан судьядан бас тарту туралы университеттің қорғаушылары тарапынан қарсы арыз берілді. Олар судья мен адвокат Жұмалиева, яғни мен, Д.Қонаев атындағы университетте бірге оқыған, бір уақытта ғылыми жұмысты қорғаған, өзара таныс деген негізсіз пікір айтты. Сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Біз докторантты гранттан заңсыз айырған деп тануды және комиссияның жұмысын заңсыз деп тануды талап еттік. Бұдан бөлек менің қорғауымдағы азаматшаның талабы бойынша моральдық өтемақы да бар», - деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Анар Жұмалиева.


адвокат Анар Жұмалиева

Алайда, ұлттық университеттің өкілдері Қалымбекованың шағымын негізсіз деп санайды. Докторантқа деканаттан барынша «қолдау көрсетілген», оқуын жалғастыруға бірнеше рет мүмкіндік те берілген көрінеді. Ғылыми қызметкерлердің сөзінше, 70 баллды қанағат тұтпаған докторант жан-жаққа арызды бұрқыратып, ұжымның әбден мазасын алған. Тіпті, жоғары балл қой деген қоңыраулар да түскен көрінеді. Экономика және бизнес жоғары мектебінің басшылары керісінше, докторанттың кесірінен әбден қажығанын, тексерудің астында қалғанын айтты. Олардың сөзінше, даудан Қалымбекова емес, өздері жапа шегіп отыр.

«Оны ешкім қудалаған жоқ, артына түскен жоқ. Жанна Қалымбекова оқуға түскеннен бастап ел қатарлы оқып жүрді. Халықаралық конференцияда мақала жазып, максималды 100 балл алған. Мәселе, докторлық диссертацияны орындау деген бөлімде. Докторант өзі ғылыми жұмысын жазу керек. Мемлекет жылына 2 млн теңгені не үшін береді? 150 мың теңге стипендияны докторантқа не үшін төлейді? Ол бірінші курсқа түскен сәттен бастап белгілі бір тақырыпты таңдау керек те, соның аясында зерттеу жүргізуі керек. Біздің функциямыз оны бақылап, баға беру. Мемлекеттің ақшасы дұрыс жұмсалып жатыр ма, жоқ па, соны қадағалаймыз. Бізде жүзге жуық докторант бар, маған бес қоймадың, төрт қойдың деп сотқа дейін бару бірінші рет болып тұр. Біздің қойып отырған бағамыз 70 балл, жақсы деген мағынаны білдіреді. Біз оны құлатқан жоқпыз, екі қойған жоқпыз. Әңгіме, аттестациялаудан өтетін 3 баллды жинай алмауында, оның көрсеткіші – 2,89 балл», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес Жоғары мектебі деканының орынбасары Ақнұр Жидебекқызы.


Ақнұр Жидебекқызы

Докторанттың еңбегін 6 адамнан тұратын ұжымдық комисися қарап бағалаған. Аттестациядан өткен докторанттың хаттамасын, құжаттарын көрсеткен деканның орынбасары сынақтан сүрінбей өтуге Ж.Қалымбекқызының еңбегі жарамсыз болғанын, ол туралы ғылыми кеңесшінің үнемі ескертпе жасап келгенін де айтты. Ал, ғылыми кеңесшінің докторанттан ақша алуға қақысы бар. Себебі, мақаланың негізгі авторы докторант емес. Унивесритеттің ішкі тәртібі бойынша, ғылыми еңбекті бірлесе жазған бірнеше автор сыйақыны өзара бөлісіп алуға құқылы екен.

«Докторанттың кінәсі қандай? Оның қолында сапалы жұмысы жоқ. Ол бізге мен сендермен көрші кафедрада жұмыс істеймін, сендер мені қолдауларың керек дейді. Бірінші курстан бастап докторанттың тәртібі төмен. Екі жыл бойы жұмыс істемеген. Оның арызы қып-қызыл жала. Ректордың атына да арыз жазған. Кім плагиатпен айналысса ол өмір бойына қайта қорғау құқығынан айырылады дегенді де оларға жиналыс кезінде ескерткем. Оның бұл қағидамен танысып, қол қойған. Кез келген жұмыс антиплагиаттан өтеді, тексеріледі. Ғылыми еңбектің бұл жұмыстары докторант келесі курсқа өте ме, өтпей ме дегенді білдіреді. Өте маңызды жұмыс», - дейді деканның орынбасары.

Экс-докторант сотқа әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен қоса жауапкер ретінде ғылыми кеңесшісі Анель Кирееваны, кафедрадағы Римма Сағиева, Ардақ Тұрғынбаева, Ақнұр Жидебекқызы сынды ғалымдарды да берген. Авдокат жалдап, аянып қалмауға тырысқан қос тарап сотта тіптен өзара ұрыс-керіс жазылған жекелеген хаттарын да жариялап, ғылыми ортаның жағдайын жайып салды. Қалымбекованың ғылыми кеңешісі Анель Кирееваның айтуынша, докторант үнемі түрлі сылтаумен жұмыстарды кешіктіріп, ұзақ уақыт хабарсыз кетеді екен. Комиссияның қарауына жіберетін ғылыми жұмыстардың кейбір тұсын жетекшінің өзі жазуға мәжбүр болған.

«Қалымбекованың проблемасы бітпейді...»

«Қалымбекова екеуміздің арамызда дау жоқ. Оған менің ренішім жоқ. Докторанттың жұмысы бойынша айтатын болсам, мен разы емеспін. Ғылыми кеңесшісі ретінде одан үнемі жұмысты талап еткенімді ол дау, қудалау деп санаса өзінің түсінігі. Оның ғылыми жұмысын бақылап, үнемі бағыт беріп отыру менің міндетім. Қалымбековада үнемі күйеуіне, отбасына қатысты проблема бітпейді. Мен оны үнемі іздеп жүремін. Ал, оның сылтауы көп. Ғылыми жұмысының сапасы өте нашар, 3 деген бағаны әзер қоюға болады. Ол гранттан айырылғандықтан ілік іздеп, мені айыптап келеді. Ақшаны алған себебім, ғылыми мақала менің жұмысым, мен оны авторлар тізіміне қостым. Адам сапалы ғылыми мақала, докторлық жұмысты жаза алмаған соң, онымен беріліп айналысқысы келмеген соң басқаларды кінәлайды. Проблема менде немесе университетте емес, Жанна Қалымбекованың өз отбасында, жеке басында. Егер жеке басында проблема болса академиялық демалыс алуға қақысы бар. Ол вариантты да ұсынғанда Қалымбекова бас тартты. Менің мақсатым, докторантымның жұмысы комиссияның алдына қорғауға барғанда ұялмайтындай сапалы болу. Оның жұмысы әу баста нашар болды. Мен оған 80 балл қойсам да өте алмас еді. Мен ол университетте жұмыс істемеймін, оны оқудан шығарудан маған келіп-кетер пайда жоқ. Оның бірінші семестрдегі емтихандары да нашар болған, оған соңғы рет ескерту берілген сол кезде. Ал сапасыз жұмысқа мен 90-95 балл қоя алмаймын», - деді ғалым А. Киреева.

«Ол плагиатпен үш рет ұсталды. Жұмысы нашар, сапасыз, әрі өзгенің жұмысын көшіріп алған. Қалымбекова «біреудің грантын иемдендің» деген контекстің ішіндегі сөзді ғана жекелеп бөліп алған. Мемлекеттің грантын алып, оқымай, ғылыми жұмыспен айналыспасаң біреудің грантын неге алдың, ғылымға қызығушылығы бар басқа адам оқыр еді ғой деп талай атқанбыз. Ол сол сөздерді бұрмалап жүр. Біз өз ісіміздің дұрыс екеніне сенімдіміз», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі кафедрасының меңгерушісі Ардақ Тұрғынбаева.

Ж.Қалымбекованың жақын туысы, заң ғылымдарының докторы, осы университетте 20 жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан Ләззат Еркінбаеваның бұл жағдайға қатысты айтар пікірі басқа. Оның сөзінше, толық жазылмаған, аяқталмаған ғылыми жұмысқа біржақты баға берілмеуі тиіс. Оның үстіне, екі жылға жетпейтін уақытта жас ғалымның жариялаған 6 мақаласын да комиссия  ескермеген. Әрі қазіргі қиын пандемиялық жағдайда оқытушылық құрам жастарға қолдау білдіруі тиіс.

«Факультет пен кафедра басшылығы өз дегеніне жетті...»

«Бұл салада менің тәжірибем мол, 6 ғылым докторын шығардым. Жас ғалымдармен жұмыс істеуде жан-жақты болу керек, сабырлықпен, ақылмен шешетін мәселелер өте көп болады. Дау туғызған іс ғылыми жұмыстың бір бөлігі ғана, оған бола мұндай тұжырымға келу үлкен қателік. Екіншіден, кафедра басшылығы айтпай отырған бір дүние бар. Себебі, шілдеде ақшасын төлеп, жұмысын қайтадан өңдеп жіберген. Оны тексеріп, жұмысында плагиаттың жоқ екенін, шынайлықтың 81% екені дәлелденген. Оған кафедра назар аудармай отыр. Ең үкен қателік, жұмыстың бір ғана тарауы бойынша тақырып ашылмады деуі. Ол кәсіби тұрғыдан да дұрыс емес. Жұмысты оқымаған. Бұл жерде көптеген субьективті жағдайлар бар. Екінші тарауды толық жазып берсін деген. Мен қанша шәкірт дайындап жүрмін, бұлай істеуге болмайды. Диссертацияның үш тарауы жазылып болғанша жұмыс мың рет өзгереді. Себебі, бұл ғылыми, шығармашылық жұмыс. Әрі докторанттың тақырыбы инновация саласы болғандықтан, әлемде, елде түрлі жаңалық болып жатқандықтан, ол екінші тарауда да мың өзгеретін еді. Комиссияның оған да құлақ аспауы үлкен қателік. Сосын, докторанттың диссертациялық жұмысына ғана емес, мақала жарияланды ма, жазылмады ма, соған да көңіл бөлу қажет. Сабаққа қатысуын, тақырыптың жобасы бар ма, соған да баға беруі тиіс. Диссертациялық кеңестің қызметін кафедра атқарғаны қателік. Ол қызды комиссияның алдына шығарып жылатуы да кафедрадағы қызметкерлер үшін тәрбиелік, моральдық жағынан өте нашар жағдай. Кафедарада 40-қа жуық адам бар, оларды қойып өздері 5-6 адамды шақырып, бұлай істеуі дұрыс емес. Докторантты гранттан айыру әрекеті нәтижесінде факультет пен кафедра басшылығы өз дегеніне жетті», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Кеден, қаржылық және экологиялық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Ләззат Еркінбева.


Ләззат Еркінбева

Қысым көрдім деген докторант бұрынғы ректор Ғ.Мұтановтың бұйрығын жойып қана қоймай, университеттен моральдық өтемақыны да талап еткен. Қалымбекова барлығы 8 түрлі талап қойған. 11 айға жалғасқан дауды қараған Бостандық аудандық сотының судьясы Г.Онланбекова тек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі Әдеп комиссиясының 28.08.2020 жылғы қортындысын ғана заңсыз деп таныды. Докторанттың арыздағы өзге 7 түрлі талабын қанағаттандырмады. Алайда, 4 баланың анасы Ж. Калымбекова енді университетпен Алматы қалалық азаматтық істер жөніндегі сот алқасы арқылы тағы соттаспақ. Судья Онланбекова шығарған шешім күшіне әлі енген жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#сот #ҚазҰУ