Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша тиісті шара қолданылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамыр күні «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада айтылған мәселеге назар аударды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Президент әкімшілігіне Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қоныс аударған азаматтарға арналып салынған тұрғын үйлердің сапасын тексеру туралы тапсырма берілді. Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша тиісті шара қолданылады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін екі есеге көбейтуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: «Ұнамаса, кетіңдер!»: СҚО-ға оңтүстіктен көшіп барған тұрғындар әкімнен сөз естіді
Сондай-ақ 13 мамырда сенатор Әлімжан Құртаев депутаттық сауалында еліміздің оңтүстік өлкесінің тұрғындарын солтүстік аймаққа қоныстандыру жөніндегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысын сынға алды. Құртаевтың пікірінше, әкімдіктер көбінесе қоныс аударушыларға өмір сүру мен еңбек етуге лайықты жағдай жасамай отыр.
Одан бөлек, сенатор банкте несиесі бар көшіп-қонушыларға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге несиелік демалыс беруді ұсынды.