ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару: депутат «Еңбек» бағдарламасын сынға алды

Сенатор көшуге ниет білдіргендерге 1 жылға дейін несиелік демалыс беруді ұсынды

Коллаж

Сенатор Әлімжан Құртаев депутаттық сауалында еліміздің оңтүстік өлкесінің тұрғындарын солтүстік аймаққа қоныстандыру жөніндегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысын сынға алды.

Құртаевтың пікірінше, әкімдіктер көбінесе қоныс аударушыларға өмір сүру мен еңбек етуге лайықты жағдай жасамай отыр.

«Көшуге ниет білдірген отбасы қоныс аударушыларды қабылдайтын аудандар туралы барлық ақпаратқа толық қол жеткізе алмайды. Сондықтан олардың таңдауы шектеулі болып отыр. Кейбір әкімдіктер отбасын қалаған ауылға емес, әкімдік өзі көрсеткен ауылға жібереді. Тағы бір мәселе - тұрғын үй мәселесі. Кейбір өңірлерде жаңа жеке тұрғын үйлерді салу жұмыстарымен фермерлік шаруашылықтар айналысады және үйлерді ресми келісу процесін толық өткізбестен сала береді. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, құрылыстың сапасы қойылатын талаптарға жауап бермейді», - деді Әлімжан Құртаев.

Сенатордың ұсынысы - түсіндіру жұмыстарын күшейту. Ол үшін кем дегенде жіберуші және қабылдаушы салаларда Call-орталықтар ашу қажет. Онда қоныс аударушыларға толық ақпарат және олардағы барлық сұраққа жауап берілуге тиіс.

«Аталған Call-орталықтардың тиімді жұмыс істеуі үшін бос жұмыс орындары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, көрсетілген облыстарда шаруашылықтың қандай түрімен айналысуға болатындығы және т.б. мәселелер бойынша көшуге ниет білдірген азаматтарды хабардар ете алатын мамандарды тарту қажет», - деді Әлімжан Құртаев.

Сенатор банкте несиесі бар көшіп-қонушыларға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге несиелік демалыс беруді ұсынып отыр.

Еске сала кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін екі есеге көбейтуді тапсырды.