Елімізде КВИ-ға қарсы екпе салдырғаннан кейін 4 адамның көз жұмғаны хабарланды
Вакцина екпесін алғаннан кейін қайтыс болған алматылық перзантхананың дәрігері жүректің созылмалы ауруымен ауырған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.
«Бірінші жағдай, Алматы облысындағы біздің әріптесіміз, қалалық перзентханада жұмыс істеген. Комиссия жұмысты аяқтады. Онда жүректің созылмалы ауруы болған. Диспансерде тіркелген. Дәрігерге қаралмаған және ауыр препараттар қабылдамаған. Комиссияның қорытынды нәтижесінде вакцинадан медициналық сараптама бойынша вирус немесе органдық вирусы табылмады. Өлімге себеп болған жүректің созылмалы патологиясы болды. Оған вакцинаның қатысы жоқ», - деді Ажар Ғиният.
Вице-министр өз баяндамасында вакцина алғаннан кейін қайтыс болған тағы 3 азаматтың жағдайына тоқталып өтті.
«Екінші жағдай бойынша, алматылық азамат дәрігердің жеке қарауында болмаған, диспансерде де тіркелмеген. Науқаста артериялық қысым мен жүрек ауруы болған. Бұл мәселе бойынша сот-медициналық сараптама аяқталмады. Комиссия әлі жұмыс істеп жатыр. Үшінші жағдай, Ақтөбе облысында тіркелді. Комиссияның нәтижесі бойынша, науқаста созылмалы ауру болған. Ол ишемиялық инсультке алып келуі мүмкін. Оның вакцинацияға қатысы жоқ. Төртінші жағдай бойынша, екінші компоненттің 12-ші күнінде болған. Ол бойынша әлі комиссия жұмыс істеп жатыр. Барлық жағдайлар Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында», - деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясы барысында мамандар отандық QazVac вакцинасын экоспортқа шығару мәселесін де сөз етті. ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың сөзіне сенсек, қазақстандық екпеге Азия елдерімен қатар, Еуропа да қызығушылық танытып отыр екен.
«Қазіргі кезде вакцинасының айына 50 мың дозасы шығарылады. Ал вакцина шығаратын зауыт іске қосылған соң бұл көрсеткіш арта түспек. Жалпы, зауытта QazVac-тан басқа вакциналар да өндірілетін болады. Оның қуаттылығы жылына 60 мың доза вакцинаны құрайды. Ал экспортқа келсек, көрші мемлекеттер, Еуропа мен Азияның өзге елдері отандық екпеге қызығушылық танытуда. Вакцинаны экспортқа шығару үшін оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу керек. Осы мәселелер шешілген соң QazVac міндетті түрде өзге елдерге жөнелтіледі», - деді Марат Шоранов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан