Петропавлда мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 51 жастағы ресейлік азамат ұсталды
Ресейлік азаматтың мемлекетаралық іздеуде екені анықталды
15 мамырда полиция өкілдері Петропавл станциясында Ресей Федерациясының 51 жастағы азаматын анықтап, ұстады.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, ер адам Ресей Федерациясының аумағынан шекара бекеттерін айналып өтіп, біздің еліміздің аумағына жүк пойызы арқылы кірген. Осылайша, Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне енді.
Тексеріс барысында ұсталған азаматтың ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап РФ Қылмыстық кодексінің 166-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша мемлекетаралық іздеуде екені анықталды. Іздестіру бастамашысы - РФ Ішкі істер министрлігінің Челябі облысы бойынша мемлекеттік мекемесі.